Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Орталық Азияда алғаш рет Қазақстанда әкімдерді халық сайлайды – Айдос Сарым

2021 жылдың 5 мамыр 2021 16:03

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заң жобасына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасында аудан әкімдерін сайлау, Парламент Мәжілісіне сайлау кезінде саяси партиялардың өту шегін 7%-дан 5%-ға дейін төмендету және барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «барлығына қарсымын» графасын енгізу ұсыныстары айтылған еді.

Мемлекет Басшысының өткен жылғы 1 қыркүйектегі жолдауындағы тапсырмасын іске асыру барысында аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлауды енгізу бойынша «Сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізу көзделген.

«Бұл – саяси жүйені, елдегі қоғамдық өмірді одан әрі демократияландыруға бағытталған өте маңызды тарихи қадам. Орталық Азияда алғаш рет Қазақстан тікелей халықтың қатысуымен әкімдерді сайлауға көшетінін де атап өту керек. Менің ойымша, бұл қоғам мен биліктің, азаматтар мен мемлекеттің жақындасуына және азаматтарды анағұрлым жауапты сайлаушылар етуге, жергілікті мәселелермен айналысуға және өз өкілдері арқылы басқару сапасын жақсартуға ықпал етеді. Өйткені барлығын кешенді түрде қарастыру керек», - деді Айдос Сарым агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Сонымен бірге, Мәжіліс депутаты бюджетті жергілікті деңгейге беру, яғни бюджеттің төртінші деңгейі деп аталатын науқанды еске салды.

«Биыл салықтың қосымша төрт түрі жергілікті қауымдастық әкімдерінің қарамағына берілді. Сондай-ақ, азаматтардың өздері Жер кодексінің қалай іске асып жатқанын, жердің қаншалықты ұтымды пайдаланылатынын, адамдар салықты қалай төлейтінін, кассалық аппараттың бар-жоғын белсенді қадағалауы керек. Осындай мәселелердің барлығы түпкілікті қабылданатын шешімдердің, мемлекеттік басқарудың сапасын жақсартып, елдегі сенімсіздік деңгейін төмендетуі тиіс. Жалпы бұл ұзақ мерзімді нәтижесі бар өте маңызды қадам деп ойлаймын. Біз партиялық, саяси жүйені дамытуды, азаматтарды жауапты ету қажеттігін жиі айтамыз. Бұл қадамдардың барлығы соған бағытталған. Адамдар өз өкілдерін сайлауды үйренсе, жергілікті бюджетпен және оны толықтырумен айналысса, азаматтар дами түседі, мемлекетке, бюджетке және басқа да мәселелерге мүлдем басқа көзқарас болады», - дейді Айдос Сарым.

Айта кетейік, қазір елімізде 2 345 әкімшілік-аумақтық бірлік бар. Оны ішінде, биылғы екінші жартыжылдықта 836 әкім тікелей дауыс беру арқылы сайланады.

«Біздегі әкімдер әр уақытта мәслихаттар арқылы тағайындалған. Биыл 836 әкімнің мерзімі аяқталып, тиісінше жаңа электоралды жүйеге ауысады», - деді А. Сарым.


Жоғары қарай