Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Орта Азия мен Қазақстанның абсолют чемпионы болған Әбиболла балуанды білесіз бе

2021 жылдың 20 шілде 2021 10:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өткен ғасырдың 50-60-жылдарында «Орта Азия және Қазақстан халықтарының спартакиадасы» атты айтулы спорт жарысы болған. Алғаш рет Ашхабад қаласында өткен сол спартакиадада күрестен абсолют чемпион атағына қол жеткізген Әбиболла Садықов атты қарақалпақстандық қандасымыз жайлы ҚазАқпарат тілшісінің зерттеуін назарларыңызға ұсынамыз.

Қарақалпақстанның спорт тарихы өңірде ашылған алғашқы мектептерге барып тірелетіні анық. Біз әрине, ресми түрде мойындалған спорт жайында айтып тұрмыз. 1874 жылы Петро-Александровск (Төрткүл қаласының бұрынғы атауы) қаласында бастауыш мектеп ашылған. 1885 жылы сол мектептің базасында қалалық училище ашылып, онда тұңғыш рет гимнастикадан сабақ өткізілген. Төрткүл қаласында алғаш рет 1939 жылы бүкілодақтық дене шынықтыру күніне арналып, Республикалық спартакиада өткізілген. Онда С.Тұрсынов, Б.Жұманиязов, А.Әбдірахманов, С.Шамұратовтар жеңімпаз болған.

Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына байланысты елде спорт жарыстары бәсеңсіді. Бұла күші бойына сыймай жүрген атақты балуандар түгелдей дерлік майданға аттанды. Тек бес жылдан соң ғана аман-есен елге оралған балуандар біртіндеп жұрттың жағдайы жақсара бастағанда елдің ықыласына бөленіп, той жағалап кетті. Халықтың әл-ауқаты төмен болса да, соғыс салған жарақатты ұмытқысы келетін болу керек, ол заманда күрессіз той өтпейтін. Бесқала, Ташауыз, Хорезм жеріне атағы шыққан Қожаназар балуанның шәкірттерімен тойға баруы үлкен мейрамға айналып кететін. Өйткені, Қожаназар балуан ешқашан жүлдені үйіне алып кеткен емес, барлығын жоқ-жітікке таратып беруші еді.




Әбиболла есімді балаға қаршадайынан күрестің қыр-сырын үйретіп, Қожаназар балуан тойларға ертіп баратын. Балуандардың жанталаса алысқанына көзі үйрене берсін дегені болар. Күрес – мәрттер айналысатын іс. Онда балуандар жүлде үшін емес, намысқа түсіп, арға таласады. Қожаназардың өзі балуандыққа баулып жүрген бұл бала оның туған жиені-тұғын.

Әкесінен ерте айырылған, ағасы Қарлыбай соғыстан қайтпағандықтан шешесінің жалғыз тірегі Әбиболла болатын. Ол жастайынан еңбекке араласты. Мақта алқабында қара жұмыстың бәрін істей жүріп, нағашысынан күрестің әдіс-тәсілдерін үйренуге де үлгерді. Бірте-бірте өз қатарларымен тойларда күреске түсе бастады. 17-18 жасқа келгенде ешкімге есесін жібермейтін нағыз балуанға айналды.

Қожелі өңіріндегі атақты жылқышы Әшірбай жалғыз ұлы Нұрмұхаммедке сүндет той жасады. Бұл той оның иесінің ғана емес, сонымен бірге Әбиболланың да атын шығарды. Жас балуан алғашында бірнеше балуанды жығып, мәреге алқынбай жеткен.

- Бас жүлдеге тігілген түйе Әбиболла балуанға бұйырды, - деді Қожаназар балуан. – Әшірбай тағы да жүлде тіккелі отыр. Жеңілгендердің арын арлайтындар болса, Әбиболламен күреске шықсын. Талапкерлер бар ма?

Жап-жас жігіттің түйе балуанды жығып, мерейі үстем боп тұрғанын күреспен айналысып жүрген көпшілік қабылдай алмады. Талапкерлер көбейіп кетті. Сын сағаты туды. Талапкерлерді түгел жеңсе, түйе балуан атанатынын, жеңілсе, өзінің де, нағашысы әрі ұстазы Қожаназар балуанның да беделі түсетінін ұққан Әбиболла іштей Жаратқаннан жәрдем сұрап, алаңда қасқайып тұрды. Көптің бірі болмай, бірегейі болуға ұмтылған балуанның осындай емтиханнан өтері хақ. Қожаназар балуанның сенімі әрі елдің қошеметі Әбиболланың күшіне күш қосты. Қарсылас шақ келтірмеді. Талапкерлердің бәрімен белдесіп мәрттік жасаған Әбиболла, күрес біткесін тағы да бір ерлік жасады. Жеңіп алған бір түйе, екі өгіз, бес қой, түркімен кілемін құрды айналып, жетім жесірге таратып беріп, елден бата сұрады.

-Тұранды уысында ұстаған бабаң Жалаңтөс баһадүрдің аруағы жар болсын! Бабаң ақ найзаның ұшымен алған жерді ақ білектің күшімен алғайсың! Әумин! – деді Қожаназар балуан.

-Аумин! Аумин!! –деп бет сипады жиналған жұрт.

Қожаназардан соң ел ақсақалдары бата берді. Ертеңіне Қожаназар балуан Қожеліден Нөкіс ауданының «1 май» ұжымшарында тұрып жатқан Әбиболланың үйіне келді. Тамақ жеп болған соң «Енді міне, түйе балуан болдың. Заман өзгерді. Атам заманнан бері тойларда күресіп даңқы жер жарып жүрген балуандардың басынан бақ тая бастады.Үкімет күреске ерекше назар аударып, үйірмелер аша бастады. Сонда көзге түссең түрлі қалаларда болатын жарыстарға апаратын көрінеді. Ана Сапалақ балуан (Шамұратов) 1939 жылы сол кездегі Қарақалпақстанның астанасы Төрткүлдегі жарыста жеңіп шыққан болатын. Сосын тойда күрескенді қойып, бірыңғай үкіметтің жарыстарына барады. Қазір ел оны бас балуанға балап жүр. Біздің дәуреніміз өтті. Сен әлі жассың. Болашағың алда. Сондықтан, атақты балуан болғың келсе, үкіметтің жарыстарына қатысуың қажет» деп өз ақылын айтты жиеніне.

Нағашысының сөзін екі етіп көрмеген Әбиболла келіскен сыңай танытып үнсіз бас изеді.

Қожаназар балуан кеткен соң Әбиболла досы Ысмайыл Асамадиновпен бірге тынымсыз шұғылдана бастады. Күрестің сан қилы әдістерін бірі екіншісіне үйретті. Нөкістегі жарыстарға ұжымшар атынан барып жеңіспен оралып жүрді. Сондай жарыстардың бірінде 1949 жылы ұлттық күрестен Ферғана қаласында өтетін ауыл жастарының спартакиадасына жолдама ұтып алды. Бұл оның ауылдан ұзап шыққан алғашқы сапары болатын. Қатты толқыды. Жолай Хиуа, Бұхара, Самарқан, Жызақ, Ташкентті тамашалап қарақалпақстандықтар Ферғанаға барды. Басқаны қайдам, 19 жастағы Әбиболлаға тамаша татыған жоқ. Қиялында үнемі алда болатын жарыс тұрды. Тағдырының осы жарыс нәтижесіне байланысты боларын іштей сезетін-ді.

Бағы жанып спартакиаданың жеңімпазы атанды. Ресми жарыстарда жеңімпаздан соң екінші, үшінші орында алған балуандарға да сый-құрмет көрсетілетініне Нөкісте көзі үйренген. Алайда, «Грамота» деген жазуы бар қатты қағаз бен алтын медальді алғаш көруі болатын. Мұнысы жақсы екен. «Бәленшенің тойында түйе, Түгеншенің тойында бие ұттым» деп жүрмейсің. Жеңісіңнің айғағы – осы медаль мен грамота.




Елге келген соң Қожаназар балуан шәкірті әрі жиенінің жеңісіне қатты қуанды. Бұл елеулі оқиғаны дастархан басында атап өтіп отырғанда, үйге Қарақалпақстанның атақты балуандары Сапалақ Шамұратов пен Қадыр Қаландаровтар кіріп келді. Олар оқиға себепкерін құттықтап, ешқашан жауырыны жерге тимеген Қожаназар балуанмен әңгіме-дүкен құрды. Кетер кезінде екі балуан бірден оған қолқа салды:

-Балуан аға, жақсы шәкірт дайындаған екенсіз. Бұл бала әлі ұзаққа барады. Қалған жағында сүйегі сіздікі, етін бізге тапсырсаңыз... Қожаназар балуан келісімін берді. Енді Әбиболланы Сапалақ пен Қадыр балуандар жаттықтыратын болды.

1950 жылы Өзбек ССР-нің 25 жылдығы салтанатты жағдайда атап өтілетін болды. Облыстарда мерейтойға арналып спорттың әр түрінен жарыстар ұйымдастырылды. Осы жылғы ұлттық күрестен Қарақалпақстан чемпионаты да мерейтой аясында өтті. Ұстаздарының айтуымен артық салмақтан арылып, жеңіл салмақта күресіп жүрген Әбиболла Садықов автономиялық республиканың чемпионы болды.

Өзбекстан чемпионаты Ташкент қаласындағы цирк ғимаратында өтті. Күрестен басқа спорт түрлері онша дами қоймаған кез емес пе, белгіленген орынға көрермендер сыймай кетті. Күресті түргеліп тұрып тамашалағандар да көп еді. Осындай алқалы жиында нағыз балуан намысты қолдан беруі мүмкін бе?! Әбиболла Өзбекстан чемпионы атағын жеңіп алып, жерлестерінің мерейін үстем етті.

Бұл чемпионаттың маңызы өте зор болатын. Себебі, жеңімпаздарға Ахшабад қаласында өткізілетін Орта Азия және Қазақстанның спартакиадасына жолдама берілетін еді. Әбиболла Садықов машықтанып жүріп арадан екі жыл өткенін байқамай да қалды. 1952 жылы Ашхабадта Орта Азия және Қазақстан құрамалары дәуірдің айтулы жарысы саналған спартакиадаға жиналды. Қарақалпақстандық Әбиболла Садықов додаға Өзбекстан құрамасы сапында қатысты.

Қарақұм қойнауындағы әлі мәрмәр қала атана қоймаған Ашхабад 22 жастағы Әмудария жағалауынан келген қазақтың қара баласын арманның асқарына жеткізді. Финалда атамекені - Қазақстан чемпионын жеңген Әбиболла Садықов Орта Азия және Қазақстанның абсолютт чемпионы деген атаққа қол жеткізді. Бұған дейін бірде-бір қазақ ұлтының өкілі мұндай атақты иеленбеген еді.

Әбиболланың ұлтын біліп қалған Қазақстан құрамасының бапкерлері оны атажұртқа әкету үшін Нөкіске келді. Алайда, Қарақалпақстан билігі ірі жарыста жеңіске жеткен тұңғыш балуанын бермеу үшін қатты қарсылық көрсетті. Ұлтаралық келіспеушілік туындамауы үшін бұл мәселе жабулы күйінде қалды. Атажұртқа кетпек болған арманы адыра қалған Әбиболла да біраз жүнжіген. Қазақстанға бүйрегі бұратынын білгендер, аяғынан да шала бастады. Соның салдарынан Өзбекстан Республикасы «Пахтакор» спорт қоғамының 1952 жылы 3-6 қыркүйекте Бұхарада, 1953 жылы 16-20 шілдеде Самарқанда Бұхара әдісімен өткізілген спартакиадада үшінші, екінші орындарға қанағат қылды.

«Айналаңдағылардың саған деген қарым-қатынасын білгің келсе, олардан оқ бойы озып көр» деген халық даналығы дұрыс екен. Ресми Нөкіс пен Ташкент оны Одақ көлеміндегі жарыстардан үнемі шеттетіп отырды. Осы жолы барамын-ау деп дайындалып жүргенде тасадағы біреулердің мұны аттап өтіп кеткенін біліп талай қынжылды. Амал қанша?

Өмірінің мазмұны балуандықта деп білген Әбиболла күресті жалғастыра берді. 1954-1955 жылғы Қарақалпақстан спартакиадасында, 1957 жылғы Қарақалпақстан чемпионатында жеңімпаз болса, «Пахтакор» спорт қоғамының 1959 жылы Нөкісте өткізілген спартакиадасында 2-орынды алды. 1954-1955 жылдары Ташкент қаласында өткен Өзбекстан чемпионатында жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Әбиболла Садықов спорттағы карьерасын аяқтаған соң Нөкіс қаласындағы «Пахтакор» спорт қоғамында, ішкі істер органында қызмет атқарды. Ол 1991 жылы 6 қыркүйекте Нөкіс қаласында дүниеден өтті.1993 жылы 15 мамырда балуан Әбиболла Садықовты(1930-1991) еске алуға арналған ұлттық күрестен алғашқы турнир өткізілді. Содан бері бұл турнир ішінара өткізіліп келеді. Нөкіс қаласындағы бір көше даңқты балуанның есімімен аталады.

Әбиболла Садықов пен Дүрия Жалғасқызынан өрбіген 9 перзенттің екеуі - Полат және Парахатқа топырақ Бесқала жерінен бұйырды. Бүгінде Полаттың ұлы Айтқали Садықов Шымкент қаласында шығатын республикалық «Уақыт талабы» газетінің редакторы. Парахаттың екі қызы Нөкіс қаласында дәрігер, ұлы – құрылысшы. Қалған жетеуі түгел атажұртқа оралған. Бақытжан – зейнеткер, Ақтауда, Гүлайхан – кәсіпкер, Сарыағашта, Гүлжәмила – дәрігер, Талдықорғанда, Бағила – экономист, Қарағандыда тұрады. Бауыржан, Төлеген, Кәмшат Алматыға қоныс аударған. Алғашқысы – дәрігер, қалған екеуі бизнес-орталықта қызмет етеді.

Дүниеде қазақ көп, Қазақстан – жалғыз. Қазақтың Қазақстаннан басқа сұраушысы жоқ. Түрлі елдерде өмір сүрген қандастар қазақ, Қазақстан тарихының желге шашылған парақтары іспетті. Оларсыз тарихымыз түгел болмайтындығы айдан анық. Келешегіміз кемел болуы үшін өткеннен өнеге алуға тиіспіз. Жырақта өткен қазақтың жарық жұлдызының жарқылы бүгінгі ұрпақтың санасына сәуле түсірсе деген ойдамыз.





Бегабат ҰЗАҚОВ


Автор Бегабат Ұзақов
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай