Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

Өрт кезінде ерлік көрсеткен оқушы қыз марапатталды

2020 жылдың 11 наурыз 2020 19:29

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы тұрғын үйдегі өрт кезінде адамдарды эвакуациялауға көмек көрсеткен №5 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Николь Савченконы алғыс хатпен марапаттады. Бұл жөнінде қала әкімінің ресми сайтына сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

12 ақпанда Күйші Дина көшесі, 39/1 үйден өрт шықты. Бұл үйде тұратын Николь Савченко батылдық танытып, жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін күйіктермен эвакуацияланған тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсетті.

Оқиғаны көрген қыздың анасы Виктория Пактың айтуынша, Никольдің көмегінен кейін тұрғындар үрейін жеңіп, сабырға келген.

«12 ақпанда біз тұратын үйден өрт шықты. Николь екеуміз сол уақытта сабақтан келген едік. Машинаны тұраққа қойып жатқанда жарылысты естідім. Мұның бәрі біздің көз алдымызда болды. Мен пәтерде қалған анама қоңырау шалдым, Николь оған өрт кезінде өзін қалай ұстау керектігін түсіндіріп, нұсқау бере бастады. Бұл нұсқаулар анамызға көмектесті. Содан соң мен құтқару қызметіне телефон соқтым, Николь зардап шеккендерге көмектесті. Өзге ересектер телефонына өрт видеосын түсіріп жатқанда, Николь зардап шеккен көршілерінің жарасын таңып, төтенше жағдай кезінде не істеу керектігін түсіндіріп жатты. Сондай-ақ ол стрессті жеңе алмағандарға психологиялық көмек көрсетті», - дейді Виктория Пак.

Көршілері де Никольді әрқашан көмекке келуге дайын, қарапайым, мейірімді қыз ретінде сипаттайды.

«Біз Никольдің әжелердің ауыр сөмкесін көтеріп, қарияларға есік ашып, жол бергенін үнемі көреміз. Сол уақытта мен бұл қыздың өз ісіне жауапты, мейірімді екенін көрдім. Өрт болған күні Николь жүгіріп, айналасындағылардың бәріне көмектесіп жүрді. Мен оның батылдығы мен ерлігіне таңғалдым. Николь сияқты қыздар - еліміздің мақтанышы. Біз оны мақтамаймыз, біз оны мақтан тұтамыз. Ол осыған лайық», - дейді Никольдің көршісі Гүлдана Қоданова.

Никольдің айтуынша, төтенше жағдай кезіндегі оның әрекетін ерекше деп айтуға келмейді. Ол алғашқы көмек көрсету дағдыларын «Қызыл Жарты ай» және «Қазақстан Республикасының Қызыл Кресі» халықаралық ұйымдарында меңгерді.

Сонымен қатар, Николь төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірге қала тұрғындарына су, мұз және өрт кезіндегі қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді. Білім мен дағдылар арқылы Николь төтенше жағдайда дұрыс әрекет етті.

Николь мектептің қоғамдық өміріне белсене атсалысады. Ол оқушыларға «Жедел жәрдем» және «Салауатты өмір салты» сабақтарын тегін өткізеді. Бос уақытында «Астана» клубында үстел теннисімен айналысады. Ағылшын және неміс тілдерін жетік меңгерген қыз есеп шығарғанды, музыкалық аспаптарда ойнағанды ұнатады.

Сондай-ақ Николь үйдің ауласында сенбілік ұйымдастырып, панасыз жануарларды уақытша ұстау орындарына орналастырады.


Жоғары қарай