Ауа райы
Астана -22 °С
Алматы -9 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Орманды ұлғайту: Павлодар облысында алдағы бес жылда 74 млн тал егіледі

2020 жылдың 24 қараша 2020 11:06

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Орман көлемін ұлғайту мақсатында Павлодар облысында алдағы бес жылда 74 млн көшет егіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Павлодар облысының Жол картасы отыз үш 33 тармақтан тұратынын атап өтті.

Онда мынадай маңызды экологиялық іс-шаралар көзделген: «Қазхром» кәсіпорынындағы газдан тазарту жүйесін қайта жаңарту және 982 мың тонна шлакты қайта өңдеу, «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» энергия блогын экологиялық технологиялармен жабдықтау, «Қазақстанның алюминийі» кәсіпорынындағы газдан тазарту жүйесін қайта жаңарту, көгалдандыру, айналмалы сумен жабдықтауды енгізу және жаңадан 9 полигон салу.

Министрдің айтуынша, жалпы іс-шараларды іске асырудың арқасында шаң шығарындыларының көлемі кемінде 30%-ға төмендейді.

Өз кезегінде Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Павлодардағы алюминий зауыты екі электр сүзгіні инновациялық гибридтік сүзгіге ауыстырғанын жеткізді. Бұл шаңды 2,4 мың тоннаға азайтуға мүмкіндік берген.

Сонымен қатар «Қазақстан-электролиз» зауытының цехтарында сүзгілер ауыстырылып жатыр.

«Орман көлемін ұлғайтудың қадамдық жоспары жасалды. Бес жыл ішінде 16,5 мың гектарға 74 млн көшет егіледі. Одан басқа бес жылда 100 мың ағаш егуді көздейтін қалаларды көгалдандырудың кешенді өңірлік бағдарламасы әзірленуде. Қоғамдық тыңдауларды онлайн форматта өткізуде халықты көптеп тарту өз әсерін тигізді. Жыл басынан бері өңірде 95 тыңдау өткізілді. 2015 жылдан бастап экологиялық кеңес жұмыс істейді», - деді ол.


Жоғары қарай