Ауа райы
Астана 25 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Оралдағы бірқатар базарда санитарлық талаптар сақталмаған

2020 жылдың 11 маусым 2020 19:01

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласындағы бірқатар базарларда санитарлық талаптар сақталмай отыр. Бұл туралы арнайы мониторингтік топ мүшелері жүргізген рейд кезінде белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алтын алма» және теміржол вокзалы ауданындағы «Михаил» азық-түлік базарларын тексерген кезде екеуіне ортақ кемшіліктердің беті ашылды.

Атап айтқанда, сатушылар бетперде не қолғап кимесе, сонымен қатар сатып алушылар тарапынан арақашықтықты сақтамау байқалды.

Орал қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Роза Хасенованың мәлім еткеніндей, мониторингтік топ күн сайын карантин жағдайында азық-түлік базарларында санитарлық талаптардың сақталуын қадағалайды. Бәрі де арнайы жасалған алгоритмге сай болуы тиіс. Бүгін көптеген сатушылар ескертумен құтылды. Арақашықтықты сақтау өз алдына, сатушылар мен клиенттер бетпердені дұрыс кимейді.




Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысы мүлтіксіз сақталуы керек. Мысалы, көкөніс пен жеміс-жидектен басқа сөреде тұрған азық-түліктердің барлығы орамада тұруы тиіс.

«Базарларда тәртіптің сақталуын бақылайтын жауапты адам болуы керек. Базар әкімшісі немесе күзет қызметі сатып алушылар арасында әлеуметтік арақашықтықтың сақталуын, сауда орнының санитарлық өңдеуден өткізілуін, сондай-ақ сатушылар мен келушілерде жеке қорғаныш құралдарының болуын қадағалауы қажет», - деді Р.Хасенова.

«Алтын алма» базарындағы асханада да үстелдердің арақашықтығы сақталмағаны, бірқатар қызметкерлерде бетперде мен қолғаптың жоқтығы анықталды.

Рейд қорытындысында «Алтын алма» базарының әкімшілігіне ескерту жасалғанын айтқан Орал қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Алтынбек Нұрсұлтанов алдағы уақытта мұндай тексерістердің жалғасатынын жеткізді.




«Ертеңнен бастап басқармаға түскен өтініштерге сәйкес базарларда тексерулер жүргізіледі. Тексеру қорытындысына сәйкес тиісті шешімдер қабылданатын болады», деді ҚазАқпарат тілшісіне Орал қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Мәдениет Танауов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавирустан көз жұмған 79 жастағы кейуананың ауруы асқынғанша дәрігерге қаралмағанын жазған болатынбыз.







Жоғары қарай