Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Оралдағы «Ақжайық» шағынауданында көпқабатты үйлер бой көтермек

2020 жылдың 10 маусым 2020 22:34

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралдағы «Ақжайық» шағынауданында көпқабатты үйлер бой көтермек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиевтің айтуынша, жоба жүзеге асқан кезде 25 мыңнан астам пәтерде 84 мың адам тұратын болады.

Құрылысты жаңа шағынауданның орталық және оңтүстігінен бастау жоспарлануда.

Салынған тұрғын үйлер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ жүйесі арқылы әр шаршы метрі үшін 140-150 мың теңгеден сатылатын болады.

Осы бағытта БҚО әкімдігі мен аталған банк арасында арнайы меморандум жасалды. Банк жылына мемлекеттік бағдарламалар аясында 36 мың шаршы метр, жеке құрылыс фирмаларынан 120 мың шаршы метр пәтер сатып алуды көздеп отыр.

«Бастапқы кезеңде құрылыс саласында тәжірибесі мол ірі компанияларды жұмысқа тарта отырып, мұғалімдер мен дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне арналған тұрғын үйлер салынатын болады. Пәтерлерді несиелеу кезінде жергілікті атқарушы органдар бастапқы жарнаның 50 пайызын өтеуге 1 млн теңгеден аспайтын сертификаттар береді. Тұрғын үй сондай-ақ «7-20-25», «5-10-20» және екінші деңгейдегі банктердің түрлі бағдарламалары арқылы да өткізіледі», деді Ә.Антазиев.

Күні бүгін «Ақжайық» шағынауданында бюджет есебінен негізгі инженерлік инфрақұрылымдар тарту жұмысы толықтай мәреге жеткен. Көпқабатты үйлер салатын құрылыс компанияларына қолдау көрсетіліп, жер телімі ресімделіп, инженерлік желілер жеткізіледі. Сонымен қатар жаңа шағынауданда мектеп, балабақша, емхана, стадион секілді әлеуметтік сала нысандары да бой көтеретін болады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда құрылысы бітпей, қаңырап тұрған нысандардың аз еместігін жазған болатынбыз.




Жоғары қарай