Оралда үш бірдей тәртіп сақшысы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай облыстық ішкі істер департаментінің салтанатты жиналысы болып, онда сақшыларға түрлі марапаттар табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алдымен ҚР ішкі істер министрі, генерал-полковник Қалмұханбет Қасымовтың Тәуелсіздік мейрамына орай құттықтау жеделхаты оқылды.
Жиында БҚО ІІД бастығы, генерал-майор Мақсұтхан Әбіләзімовтің атап өткеніндей, Елбасы саясатына сәйкес Қазақ елінде тыныштық пен келісім салтанат құрса, қоғамдық тәртіпті сақтап, қылмыс атаулының алдын алуда құқық қорғау органдарына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Осы орайда ішкі істер органдары да өз міндетін абыроймен атқарып келеді. Мысалы, биылғы мамыр айында Оралдағы букмекерлік кеңселердің біріне қарақшылық шабуыл жасалды. Сын сағаты соққан кезде үш полиция қызметкері, криминалдық полицияның аға жедел уәкілі, полиция капитаны Асылан Айтмұқанов, жол-патрульдік полиция батальонының аға сержанты мен сержанты Ардақ Ибрашев пен Махамбет Жангелдиев «Үкі» түнгі іздеу тобының құрамында оқиға орнына жедел барып, қарулы төрт күдіктімен бетпе-бет келген. Күрес тәсілдерін қолданып, төртеуін де құтқармайды. Тергеу барысында бұл қарақшылардың Ақтөбе мен Орал қаласында жасалған тағы бес шабуылға қатысы бары белгілі болды.
Аталған сақшылардың ерлігін Мемлекет басшысы жоғары бағалап, үшеуі де «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Олардың марапаттары бүгін қолдарына тиді.
Салтанатты шара кезінде сондай-ақ департамент бастығының орынбасарлары мен құрылымдық бөлімшелер басшыларына «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі, басқа да сала үздіктеріне «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін» төсбелгісі, ішкі істер министрі мен департамент бастығының алғысхаттары мен грамоталары тапсырылды. Мерекеге орай облыс бойынша барлығы мыңнан астам сала қызметкері марапатталды.
Айта кетейік, осындай салтанатты жиындар өзге де салалар бойынша өтуде.
























