Оралда Ұлттық ұлан жауынгерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517-әскери бөлімінің клубында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің бастығы, подполковник Ерболат Сұлтановтан түскен мәліметке қарағанда, алдымен әскери бөлімдердің тулары әкелініп, мемлекеттік Әнұран орындалды.
«Батыс» өңірлік қолбасшысы, генерал-майор Қайрат Ақтановтың атап өткеніндей, биыл - барша қазақстандықтар үшін ерекше жыл. Елбасымыздың бастауымен көптеген табыстарға қол жеткізген тәуелсіз еліміз өз азаттығының 25 жылдығын кең көлемде атап өтіп отыр. Ұлттық ұлан жауынгерлерінің басты міндет-борышы да Отанға қалтқысыз қызмет ету.
Жиын барысында ҚР Ішкі істер министрінің, ҚР Ұлттық ұланы бас қолбасшысының және «Батыс» өңірлік қолбасшысының құттықтаулары мен мерекелік бұйрықтары оқылып, соған сәйкес әскери қызметкерлердің үлкен тобы медаль, грамоталармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес «Батыс» өңірлік қолбасшылығының бес бірдей жауынгері үшінші дәрежелі «Айбын» орденін, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін иеленгені белгілі болды. Министрдің бұйрығына орай жедел басқарма бастығы, подполковник Болат Мұсабековке мерзімінен бұрын полковник әскери шені берілді. Ал Ұлттық ұлан бас қолбасшысының бұйрығымен БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов екінші дәрежелі «Ұлттық ұланның үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Д.Құсайынов өңір басшысының атынан Ұлттық ұлан жауынгерлерін еліміздегі ең ұлық мейраммен құттықтап, облыс әкімінің алғысхаттарын табыс етті.
Салтанатты жиын соңы Жастар мәдениет үйі мен Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әртістері қойған мерекелік концертке ұласты.
























