Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Оралда санитарлық талаптарды бұзған тағы 10 нысан жабылды

2020 жылдың 25 маусым 2020 17:11

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында санитарлық талаптарды бұзған тағы 10 нысан жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы он нысанның қызметін тоқтату жөнінде ұсыныс берді.

Мұның дені – дүкендер. Атап айтқанда, М.Ықсанов көшесінде «Фруктовый сад», М.Мәметова көшесінде «Chaplin», «Альрамин» жарық шамдары дүкені, Н.Назарбаев даңғылында «Рахат» асханасы, Әбілқайыр хан даңғылында «Gyros» тез тамақтану кафесі, «Астана» шағынауданында Barbershop «Blade», Ю.Гагарин көшесінде «Керуен», «Мир дверей», Д.Нұрпейісова көшесінде «Мир обуви» дүкендері уақытша жабылды.

Басқарма басшысы Мәдениет Танауовтың айтуынша, арнайы мониторинг топ мүшелері күн сайын тексеру жұмыстарын жүргізуде. Соның нәтижесінде аталған нысандарда дезинфекциялық заттардың, антисептик жетіспейтіні, қызметкерлердің маска, қолғап кимейтіні, басқа да санитарлық талаптардың сақталмағаны анықталды.

«Мамандар тексергеннен кейін бұзушылықтарды жою жөнінде біз нысандарға ұсыныс береміз. Нысан иелері өз еріктерімен сауда және қызмет орындарын жабады. Сосын керекті құрал-жабдықтарды алып, әзір болған соң біздің мамандар барып, тексеріп, дайындық актісін жасайды. Соның негізінде қайта ашылады. Күні бүгінге дейін барлығы 21 нысан жабылса, бұзушылықтарды ретке келтірген 11-і қайтадан өз қызметтеріне кірісіп жатыр», деді ҚазАқпарат тілшісіне М.Танауов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда санитарлық талаптарды сақтамаған 11 нысанның қызметі тоқтатылғанын, демалыс күндері ҰБТ тапсыратын түлектерді арнайы көлік тасымалдайтынын жазған болатынбыз.


Жоғары қарай