Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Оралда полиция қызметкерлеріне пара бермекші болған жүргізуші ұсталды

2020 жылдың 26 наурыз 2020 22:39

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда полиция қызметкерлеріне пара бермекші болған жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі, полиция полковнигі Болатбек Белгібековтің айтуынша, оқиға 22 наурыз күні орын алды.

Полиция капитандары, БҚО полиция департаменті патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Саяхат Тастілеуов пен инспектор Еркін Пазылов жылдамдықты шектен тыс арттырғаны үшін 1962 жылғы жүргізуші рулінде отырған «Лада Ларгус» автокөлігін тоқтатады.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтыру кезінде автокөлік салонында жүргізуші полиция қызметкерлеріне 5 мың теңге «сыйақы» ұсынып, «мәселені шешпек» болады.

Бұдан бас тартқан полицейлер ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 592-бабы 1-бөлігіне сәйкес хаттама толтырады.

Сонымен қатар аталған жүргізуші ҚР ҚК 367-бабы 1-бөлігіне (мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға пара беру) сәйкес қылмыстық құқықбұзушылыққа барды.

Қазіргі кезде жүргізуші С-ға міндетті түрде келу шарасы қолданылып, тергеу амалдары жүргізілуде.

«Полиция департаменті қызметтік құқықбұзушылыққа бармау жөнінде жеке құраммен тұрақты түрде алдын алу шараларын жүргізіп келеді. Бұл – жыл басынан бері полиция қызметкерлеріне пара бермекші болған осындай жетінші оқиға. Департамент мұндай қадамға барған адамның қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеді. Айыбы дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның он еселенгеннен жиырма еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады», деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Белгібеков.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда үш автокөлік пен мотоциклдің соқтығысқанын, коронавирус туралы жалған хабар таратқан әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жазған болатынбыз.


Жоғары қарай