Ауа райы
Астана 20 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 409.19
EUR 461.24
RUB 5.67
CNY 58.26

Оралда орыс театрында «Жәңгір хан» сахналанды

2019 жылдың 14 желтоқсан 2019 03:48

ОРАЛ. ҚазАқпарат – А.Островский атындағы облыстық орыс драма театрында «Жәңгір хан» спектаклінің премьерасы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында орыс тілінде қойылған шығарма Тәуелсіздік күніне арналды.

Батысқазақстандық өлкетанушы Жайсаң Ақбай жазған туындыны театрдың бас режиссеры Оксана Малуша сахналады. Суретшісі – Максим Будаев.

Спектакль барысында тақырыпқа қатысы бар кейбір маңызды оқиғаларды театр әртісі, В.Ермакова атындағы Ресей сыйлығының лауреаты Руслан Джумахметов еске түсіріп, баяндап отырды.

Бір жағында көтеріліске шыққан Исатай мен Махамбет, желке тұсынан патша отарлаушылары төніп, екі оттың ортасында қалса да, қоластындағы елін отырықшылық пен өркениетке, білім алуға үндеп, алға жетелеген Жәңгір ханның бейнесін Анатолий Громов сомдаса, оның сүйікті ханшасы әрі сенімді серігі Фатима рөлінде Наталья Копеечкина көрінді. Басқа да әртістер қазақ тарихында орны бар тұлғаларды сахнаға алып шығуға тырысты.

Тарихи оқиғаларға негізделген шығарманы сахналау үшін режиссер мен суретші, әртістер, жалпы театр ұжымы барынша еңбектенген. Дегенмен олқы соғып жатқан тұстары болды, Исатай мен Махамбеттің, ақын рөліндегі әртістің киімдері де келіңкіремейді.

Ең бастысы, 160 жылдық тарихы бар театрдың қазақтың соңғы хандарының бірі, күрделі де қайшылықты тұлға Жәңгірге бет бұруы қуантты.

Жоғары қарай