Ауа райы
Астана -14 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 376.77
EUR 408.46
RUB 5.95
CNY 53.98

Оралда өгей әкесін өлтірген жасөспірім қыз бен оның досы сотталды

2020 жылдың 23 қаңтар 2020 09:24

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда өгей әкесін өлтірген жасөспірім қыз бен оның досы ұзақ мерзімге сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотынан түскен мәліметке қарағанда, 17 жастағы Ирина Лапина мен 19 жастағы Нұрхан Мақсот ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі 7-тармағына (адамдар тобымен қасақана адам өлтіру) сәйкес айыпты деп танылды.

Оқиға өткен жылғы 12 тамыз күні Орал қаласындағы Коминтерн кентінде болған.

Жасөспірімнің анасы Вероника Лапина түн ортасында Иринаға хабарласып, азаматтық некедегі, бірге тұратын ері Е.Есқалиевтің мас күйінде жанжал шығарып, төрт жасар қызы екеуін далаға қуып жібергенін жеткізген. Бәйтерек ауданы Үлкен Шаған ауылында досы Н.Мақсотпен жүрген И.Лапина сол бойда жолға шығып, үйіне жетеді. Анасын жақтаған ол өгей әкесінің бетіне соққы жұмсайды. Н.Мақсот та сөмкесінде жүрген қолорақтың үшкір тұсымен оң иығынан ұрады.

Бұдан кейін ер адамды қалдырып, бәрі сол ауылдағы таныстарының үйіне кетеді. Бірақ сағат 03.00 шамасында И.Лапина Н.Мақсотпен бірге қайта оралып, Е.Есқалиевті оятып, анасынан кешірім сұрауды талап етеді. Тағы да жанжал туындап, екеуі Е.Есқалиевті басынан, денесінен қолорақпен, шәйнекпен, табамен және балтамен ұрып-соққан. Алған жарақаттары салдарынан 40 жастағы жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған.

Судья Шара Зайнуллинаның айтуынша, қаладағы кешкі мектептің 10-сыныбында оқыған И.Лапина мен еш жерде жұмыс жасамаған Н.Мақсоттың айыптары толықтай дәлелденді.

Сот үкімімен Н.Мақсот 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды. Ал И.Лапина 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады.

Сот үкімі күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда әйелі күйеуін пышақтап өлтіргенін жазған болатынбыз.



Жоғары қарай