Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Оралда 32 мыңға жуық оқушы қашықтан білім алып жүр

2020 жылдың 16 қазан 2020 14:00

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында 32 мыңға жуық оқушы қашықтан білім алуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімі Абат Шыныбековтің айтуынша, шаһарда 51 мектепте барлығы 56249 шәкірт оқып жатыр.

Жыл сайын оқушылар саны артып келеді. Мысалы, биыл өткен жылғыдан 2 мыңға көбейді. Қалада 5 гимназия, 5 лицей жеткіншек ұрпақты сапалы біліммен қамтамасыз етуде.

Биылғы оқу жылының жылдағыдан өзгеше басталғаны белгілі. Қазіргі таңда барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, 1662 кезекші сыныпта 21151 оқушы білім алуда.

Әкімнің сөзіне қарағанда, үйінде оқып жатқан 32 мыңға жуық шәкірттер туралы айтқанда, компьютер мен интернет, жағдайы көтермейтін отбасылар мәселесі алдыңғы орынға шығады.

Осы орайда өткен оқу жылының төртінші тоқсанында қалалық бюджет арқылы 350 компьютер алынған болатын. Жаңа оқу жылына орай ҚР Үкіметі резервінен 500 ноутбук пен 600 планшет алынып, ата-аналарға уақытша пайдалануға таратылды.

Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен 1118 компьютер, 46 ноутбук, 19 моноблок алуға келісімшарт жасалды. Қазіргі таңда соның 866 компьютері, 17 ноутбук, 12 моноблок алынып, мектептерге қойылды.

«Бір жақсы жаңалық - бұған дейін эстетикалық бағыттағы мектеп гимназия жаңа орынға көшсе, жуырда Зачаган кентінде 900 орындық мектеп ғимараты пайдалануға беріледі. Онда №38 мектеп-лицей орналаспақ. Бұл, бір жағынан, мемлекеттік шығындарды азайтуға мүмкіндік берсе, екіншіден, Зачаган кентінде тұратын мектеп оқушыларына лицейде білім алуға жағдай жасалады. «Ет комбинаты» шағынауданындағы №33 мектептің ескі ғимараты бұзылып, орнына жаңасы салынуда. Сонымен қатар облыс әкімінің тікелей қадағалауымен жеке инвестициялар есебінен №31, №52 мектептер құрылысы басталды. «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1,8 млрд теңгеге №21, №25 және №45 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде», деді Абат Абайұлы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 380 мектептің 249-ы штаттық режимде жұмыс жасап жатқанын жазған болатынбыз.


Жоғары қарай