Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Оралда 25 велосипед ұрлаған тұрғынды әйелі ұстап берді

2022 жылдың 21 мамыр 2022 22:22

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласы тұрғынының 25 велосипед жымқырғанын әйелі айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің қызметкері, полиция майоры Дариға Мәжитованың мәлім еткеніндей, 25 жастағы жігіт өткен жылдан бері велосипед ұрлаумен айналысып, «кәсіп қылған».

Оның сөзіне қарағанда, тұрғынның велосипед ұрлап бара жатқан сәті көпқабатты үйлердің біріндегі кіреберісте орнатылған бейнекамераға түсіп қалған.

«Ұрыны полиция қызметкерлері сол бойда қолға түсірді. 1997 жылғы тұрғын өз кінәсін, бұдан бұрын да үш велосипед жымқырғанын мойындады. Велосипедтің біреуі оның мекенжайынан табылды. Жедел іс-шаралар барысында ұрланған велосипедті сатып алған адам да анықталды. Одан барлығы сегіз велосипед тәркіленді, оның төртеуінің иесі белгілі болды. Тағы төрт велосипедке қатысты азаматтардың арыз-шағымы бойынша тексеру жүргізілуде. Ұрының азаматтық некедегі әйелі 2021 жылдың шілдесінен бері күйеуінің 25 велосипед ұрлап, өткізгенін айтты», - деді Д.Мәжитова.

Ұры велосипедті үйдің кіреберісіндегі батареяға бекітетін құлыпты кесіп тастап, алып кетіп отырған. Оған қатысты ҚР ҚК 188-бабына (ұрлық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Жаз кезінде велосипед ұрлау деректері көбейетіні белгілі. Сондықтан департамент қызметкері әркімнің өз мүлкіне мұқият болуы керектігін жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда ақша бопсалаған 23 жастағы жігіттің ұсталғанын жазған болатынбыз.



Жоғары қарай