Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Оралда 200-ден астам сарбаз әскери ант қабылдады

2022 жылдың 16 қаңтар 2022 18:39

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда 5517-әскери бөліміне жаңадан келген 200-ден астам сарбаз әскери ант қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің жетекшісі, подполковник Ерболат Сұлтановтың мәлім еткеніндей, аталмыш бөлімге Алматы, Ақтөбе, Түркістан, Маңғыстау, Қарағанды, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан әскерге шақырылғандар келген болатын.

Салтанатты ант беру рәсімі эпидемиологиялық ахуалға байланысты карантиндік талаптарды қатаң сақтай отырып өткізілді. Жауынгерлердің ата-аналары мен жақын-туыстары үшін тікелей онлайн байланыс ұйымдастырылды.

Жаңадан келгендер бір ай бойы саптық, дене және атыс дайындығынан өтіп, әскери жарғыны оқып-үйренді.

Салтанатты іс-шарада «Батыс» өңірлік қолбасшысы, генерал- майор Арман Жұмағалиев, қолбасшының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары,

полковник Бақыт Алазов, 5517-әскери бөлімінің командирі, подполковник Сағындық Алқайқаров және басқалар сөз алып, жас сарбаздарды әскери ант қабылдауымен құттықтап, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.




«Бүгін – ант қабылдаған сарбаздар үшін ерекше есте қалатын күн. Салтанатты түрде ант қабылдау – маңызды әскери рәсімдердің бірі. Тек содан кейін ғана жаңадан келген жас әскери қызметші атанады. Әскери антқа адал болу айрықша жауапкершілікті жүктейді», деді С.Алқайдаров.

Атыраудан әскери борышын өтеуге келген Ернар Лияс жас сарбаздар атынан өздеріне жүктелген сенімді ақтайтынын білдірді.

«Бір айдың ішінде біз біраз нәрсеге үйреніп қалдық. Әскер – ер адамды шыңдайтын жақсы мектеп. Бүгін ант қабылдап, жауапкершілікті сезіне түстік. Менің сүйген қызым бар, оның мені күтетініне сенімдімін», деді Қарағанды облысынан келген Сергей Синяков.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ақтөбеде антқа адалдық танытқан әскеридің әрекеті жұртты тәнті еткенін жазған болатынбыз.









Жоғары қарай