Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Орал тұрғыны кісі өлтіріп, мәйітті кереуетінің астына жасырып келген

2019 жылдың 31 шілде 2019 18:11

ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кісі өлтірген 1961 жылғы Серікжан Әділовке қатысты үкім шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сот талқысында мәлім болғандай, аталған тұрғын «Ғимарат» ЖШС-да күзетші болып жұмыс істеп, сонда тұрған.

3 наурыз күні кешкісін жұмыстағы әріптесі Марат Шерниязовпен бірге арақ ішкен. Соның барысында ұрыс-керіс туындап, Шерниязов Әділовті соққан. Оған жауап ретінде Әділов бөтелкелесінің бетінен ұрғанда, ол есінен танып қалған. Сосын Шерниязовтың үстіне шығып алып, өлтіргенше соққының астына алған. Содан кейін мүрдені кереуеттің астына жасырып, өзі ұйықтаған.

Әділовтің соттағы сөзіне қарағанда, марқұм ЖШС құрылтайшысының туысы болғандықтан, оны ұдайы кемсітіп жүрген.

Мүрде тек 30 наурыз күні табылған. Жүргізуші М.Жүсіпов Әділовтің бөлмесіне стакан алу үшін барғанда, иісті сезген. Кереуеттің астынан мүрдені тауып алғаннан кейін директор С Мұқановқа қоңырау шалған, ол полиция қызметкерлерін шақырған.

Үкімді судья Бақыт Ермаханов жария етті.

С Әділов ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.





Жоғары қарай