Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Оңтүстіктегі жылыжай шаруашылықтары қиындыққа тап болды - депутат

2020 жылдың 3 маусым 2020 14:29

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің депутаты Сәкен Қаныбеков елдің оңтүстігінде орналасқан жылыжай шаруашылықтарының мәселесін көтеріп, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«16 наурыздан бастап біздің еліміз төтенше жағдай режимінде. Осыған байланысты қатаң карантиндік шаралар қабылданды. Президент өз сөзінде «біз жергілікті жердегі орын алған нақты жағдайға байланысты әрекет етеміз және өз қиындықтарымен ешкім де бетпе-бет қалмайды» атап айтты. Қазіргі уақытта елдің оңтүстігінде орналасқан жылыжай шаруашылықтары туралы сөз болып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, республикада шамамен 1272,9 га жылыжай, оның ішінде 212,3 га ірі өнеркәсіптік, жалпы алғанда 5000-нан астам адам жұмыс істейді. Карантин кезеңінде барлық жылыжай шаруашылығы жұмыс күшінің орын ауыстыруы бойынша қиындықтарды бастан кешіруде», - деді Сәкен Қаныбеков.

Оның сөзіне қарағанда, азық-түлік базарлары, көкөніс дүкендері, кафелер мен мейрамханалардың жұмысты тоқтатуына байланысты жылыжай өніміне сұраныс күрт түскен. «Мысалы бүгінгі күні қиярдың келісі 100 теңгеден аспайды, ал өнеркәсіптік жылыжайлардағы өзіндік құны 250 теңгеден артық. Бұл өз кезегінде жұмыс орындарын қысқартуға мәжбүрлейді. Уақыт ауыл шаруашылығы біздің негізгі ресурсымыз екенін көрсетті, бірақ ол толық көлемде пайдаланылмай отыр», - деді депутат.

Оның айтуынша, бұл мәселе Мәжіліс қабырғасында Ауыл шаруашылығы министрінің атына сауал түрінде бірнеше рет көтерілген.

«Бірақ осы уақытқа дейін біз мемлекеттің қолдауын көріп отырған жоқпыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес төтенше жағдай кезеңінде қарыздар мен несиелер төлемін кейінге қалдыру түрінде шағын және орта бизнес бойынша бірқатар кешенді шаралар қабылданды. Бұл бизнеске түсетін жүктемені нақты жеңілдетеді, алайда борыш одан қысқартылмайды. Осыған қарамастан сала дамып келеді. Дегенмен Ауыл шаруашылығы министрлігінің саясаты ауыл шаруашылығы өнімдерінің көптеген түріне субсидияларды қаржыландыруды төмендету бойынша жұмыс жүргізу болса да, оның ішінде ең қажет ететіні маусымаралық кезеңде қорғалған топырақта өсірілетін көкөністер болып табылады», - деді ол.

Депутаттың сөзінше 2010 жылдан бастап АШМ субсидиялау қағидаларына сәйкес жергілікті атқарушы органдар 1 гектарға 1,3 млн теңге есебінен жылыжайлардың шығындарын өтеуге қаражат бөлген. Ал 2017 жылдан бастап қорғалған топырақта дақылдарды өңдеп өсіруді субсидиялау қағидалары өзгерген. Шығындарды өтеу жылыжай шаруашылықтары үшін маусымаралық, яғни қысқы кезеңде көкөніс дақылдарын өсіруіне көзделген болатын. Алайда 2018 жылы қорғалған топырақта көкөніс өсіруге жұмсалған шығындарды өтеу мүлде тоқтатылған.

«Төтенше жағдай кезінде бұл сала көп зардап шекті. Мемлекеттен қолдау болмайынша қорғалған топырақ өнімі экспортта ғана емес, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Грузия, Иран және Түркиядан келген өнімдермен қатар импортты алмастыруға да бәсекеге қабілетті болмайды. Құрметті Асқар Ұзақбайұлы! АШМ бір жылға несие беру арқылы жылыжайлар үшін сыйақы мөлшерлемелерін қайта қарастыруы керек, сондай-ақ өнеркәсіптік жылыжайларға топырақтың барлық шығындарының (тұқымдар, тыңайтқыштар, химикаттар, көмір, гидропоника және басқалары) субсидияларын жаңарту қажет. Энергетика министрлігі электр энергиясы бойынша дифференциалды тарифті қарастыру қажет деп санаймын. Бұл міндеттерді шешу өнеркәсіптік жылыжайлар санын ұлғайтуға, бұл өз кезегінде маусымаралық кезеңінде көкөніс бағасын ұстап тұруға, сондай-ақ жұмыс орындарын сақтауға мүмкіндік береді», - деп түйді депутат.



Жоғары қарай