Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Олжас Сүлейменов: Ядролық полигонды жабу туралы шешімді халық қабылдады

2021 жылдың 27 тамыз 2021 20:56

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат –Бүгін ҚР Ұлттық кітапханасында танымал ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Омарұлы Сүлейменовтің қатысуымен «Жерге табын, адамзат!» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында және Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай өтті.

Олжас Сүлейменов - ақын, Қазақстанның халық жазушысы, лингвист-зерттеуші, түрколог, танымал саясатшы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. 1989 жылы «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының жетекшісі. Жоғарғы Кеңес депутаты, Қазақстанның бірнеше елдегі Төтенше және өкілетті елшісі бола жүріп шығармашылықтан қол үзбеген қаламгердің бірқатар еңбектері жарық көрген. Танымдық ой мен терең мазмұнды тіркестерге бай шығармаларын кейінгі буын да тәржімалап келеді.

Жиынға зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, жазушылар қатысты.

Ол полигонды тоқтату және жабу туралы шешімнің қалай қабылданғанын айтты.

«Бұл шешімді Семей облысының тұрғындары, халқы қабылдады. 1989 жылы 28 ақпанда Алматыда барлық полигон маңындағы облыстар жиналды. Біз «Полигон жойылсын« деген ұрандағы қозғалыс құрдық. Халық осындай шешім қабылдады. Қозғалыс бұл тапсырманы орындады. Сол жылы бірнеше айдан кейін біз жердегі сынақты тоқтаттық. Соңғы жарылыс 1989 жылы 19 қазанда болды. Содан кейін 11 жарылыс тоқтатылды. Сол жылы 18 жоспарланған болатын. Бұл ұлы күн, бұл күнді барлық қазақстандықтар білуі тиіс», - деді О.Сүлейменов.

«Невада - Семей» қозғалысының бағдарламасы халықаралық антиядролық альянстың бағдарламасына енді. Ядролық қаруды сынауға жан-жақты тыйым салу туралы шарт қабылданды. Көптеген елдер оған қол қойды.

Семей ядролық полигонының тарихынан белгілі, 1947 жылғы тамызда КСРО Министрлер Кеңесінің Қаулысымен «№2 оқу полигоны» шартты атауын алған атом полигонын құру туралы шешім қабылданды.

Семей полигонында ядролық қарудың алғашқы сынағы 1949 жылдың 29 тамызында өткізілді. Жалпы, Семей ядролық сынақ полигонының 40 жылдық қызметі нәтижесінде адамдардың денсаулығына келтірілген залал орасан зор. Бұрынғы Семей облысының барлық аумағы ядролық жарылыстар өнімдерімен ластануға ұшырады, ал 1,2 миллион адам әртүрлі доза ауқымында радиациялық сәуле алды.

1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойды. Жер бетіндегі бейбітшілікке қол жеткізудегі жұмыстың маңыздылығын сезіне отырып, «Невада-Семей» ХАҚ президенті Олжас Сүлейменов бейбітшілік эстафетасын жастардың қолына тапсыратын кез келді деп мәлімдеді. Осылайша, жас семейліктер ядролық қарудан бас тарту идеясын қолдайтын параққа қол қойды.

Қазақстанда барлығы жарты миллионнан астам қол жиналды. Содан кейін қол жинау әлемді ядролық қаруды заңсыз деп тануға шақырған жастар жұмыс істейтін арнайы халықаралық қор құру мақсатында әлемнің барлық елдеріне таратылады.

2012 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы ірі халықаралық парламенттік конференцияда сөз сөйлеп, ядролық қару сынақтарын түпкілікті тоқтатуды және сайып келгенде, ядролық қарудан арылуды жаһандық қолдауға қол жеткізу мақсатында АТОМ жобасын іске асырудың басталғаны туралы жариялады.

Авторы - Думан Арғынгелді


Жоғары қарай