Ауа райы
Астана 29 °С
Алматы 29 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Олимпиадаға іріктеу турнирі: Қазақстандық боксшылар барлығы 9 лицензия, 8 медаль иеленді

2020 жылдың 12 наурыз 2020 02:01

АММАН. ҚазАқпарат – Иорданияның Амман қаласында өткен бокстан іріктеу турнирінде қазақстандық боксшылар Олимпиадаға 9 жолдама, 8 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Наурыздың 11-інен 12-сіне қараған түні Аммандағы Токио Олимпиадасына іріктеу турнирі өз мәресіне жетті. Бір аптадан артық уақытқа созылған додада қазақстандықтар 9 лицензия (8-ін – ерлер; 1-еуін – қыздар құрамасы) және түрлі құндылықтағы 8 медаль жеңіп алды.

Атап айтсақ, жарысқа Ғалымбек Кенжебаев баптайтын боксшылардан 8 салмақтан 8 былғары қолғап шебері барды. Олардың барлығы үмітті 100 пайыз ақтап, лицензияға ие болды. Сондай-ақ, ерлер құрамасы ел қоржынына 2 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль сыйлады.

Нақтырақ айтсақ, 81 келі салмақта Бекзад Нұрдәулетов пен 91 келі салмақта сынға түскен Василий Левит жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрініп, көк байрағымызды желбіретсе, 63 келі салмақта Зәкір Сафиуллин мен 75 келі салмақта Әбілхан Аманқұл күмісті қанағат тұтты.

Ал қола медальға 57 келі салмақта Серік Теміржанов, 69 келі салмақта Абылайхан Жүсіпов және +91 келі салмақта Қамшыбек Қоңқабаев қол жеткізді.

Әйелдер боксынан Олимпиада жолдамасын және турнирдің қола медалін 75 келі салмақта Надежда Рябец алды.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан құрамасы сапынан Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінің іріктеу турниріне ерлерден 8 салмақ, әйелдерден 5 салмақ санатында жалпы 13 боксшы сынға түсті.

Атап айтқанда, ерлерден 52 келі салмақта Сәкен Бибосынов, 57 келіде Серік Теміржанов, 63 келі салмақта Зәкір Сафиуллин сынға түссе, қазақтың «салмағы» атанып кеткен 69 келіде Абылайхан Жүсіпов ел намысын қорғады. Ал 75 келі салмақ санатында Әбілхан Аманқұл, 81 келіде Бекзад Нұрдәулетов, 91 келі салмақта Василий Левит Олимпиада жолдамасына таласты.

Ал, әйелдер боксынан жарысқа 51 келіде Ангелина Лукас, 57 келіде Дәметкен Келімбет, 60 келі салмақта Римма Волосенко, 69 келіде Валентина Хальзова, 75 келі салмақта Надежда Рябец қатысты.

Турнирдің жалпы есебінде Қазақстан құрамасы Өзбекстаннан кейінгі екінші орынға жайғасты.

Медальдар саны:

Өзбекстан 3 - алтын, 3 - қола

Қазақстан - 2 алтын, 2 күміс, 3 қола

Иордания - 1 алтын, 1 күміс, 3 қола

Қытай - 1 алтын, 2 қола

Филиппин - 1 алтын

Австралия - 2 күміс

Үндістан - 1 күміс және 3 қола

Таиланд пен Жаңа Зеландия - әрқайсысынла 1 күмістен

Вьетнам мен Моңғолия – әрқайсысында 1 қоладан.


Жоғары қарай