Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 447.60
EUR 489.41
RUB 5.71
CNY 63.05

Олимпиада лицензиялары үшін айқасатын боксшылар анықталды

2020 жылдың 18 ақпан 2020 17:04

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев 28 ақпан күні Иорданияда өтетін Азия және Мұхит елдері үшін лицензиялық олимпиада турниріне аттанатын команда құрамын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан бокс федерациясының сайтына сілтеме жасап.

Турнирге қатысатын Қазақстан құрамасының мүшелері:

52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде - 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов.

57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде - бірқатар халықаралық турнирлердің жеңімпазы Серік Теміржанов.

63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде – 2019 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Закир Сафиуллин.

69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде - 2017 және 2019 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері Абылайхан Жүсіпов.

75 келіге дейінгі салмақта - 2017 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азияның қола жүлдегері Әбілхан Аманқұл.

81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде - 2019 жылғы әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов.

91 келіге дейінгі салмақта - Әлем және Азия чемпионатының жүлдегері, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит.

91 келіден астам аса ауыр салмақта - Әлем және Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, құрама капитаны Қамшыбек Қоңқабаев.

«2020 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама алатын жігіттердің барлығы мықты боксшылар», - деп атап өтті бас бапкер.

Айта кетсек, Иорданияның Амман қаласындағы іріктеу турнирі 3-11 наурыз аралығында өтеді. Онда Азия мен мұхит елдерінің боксшылары үшін 63 лицензия сарапқа салынады.


Басты сөздер: Спорт, Бокс,
Жоғары қарай