Ауа райы
Астана 25 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Оқушылар үшін 2 мыңнан астам теле-сабақ дайындалады - Шолпан Каринова

2020 жылдың 25 наурыз 2020 16:28

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде қашықтықтан оқыту жүйесін ұйымдастыруды жобалау кеңсесі құрылуда. Бұл жайында ҚР Білім және ғылым министрі Шолпан Каринова Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өтуінше, Білім және ғылым министрлігінде, аймақтық білім беру басқармаларында Қашықтықтан оқыту жүйесін ұйымдастыру бойынша жобалау кеңсесі құрылып отыр. Бұл ретте індет кезеңінде оқу үрдісін ұйымдастыру бойынша уақытша шаралар енгізген көршілес елдердің тәжірибесі, халықаралық тәжірибе зерделенді. Мектептер мен ұстаздар үшін тиісті ұсынымдар дайындалды. Ұстаздар үшін арнайы онлайн, теле-курстар, вебинарлар әзірленді.

«Бұған қоса, ұстаздар мен балаларға «Балапан« және «Ел Арна« телеарналарында төртінші тоқсан басталысымен күнде 1-11 сынып оқушыларына аптасына бес күн сабақ өткізіледі. Қазір осы теле-сабақтардың арнайы түсірілімі жүргізілуде. Ол сабақтар мемлекеттік стандарт талаптарына, оқу бағдарламаларына сәйкес құрылған. Оқушылар үшін 2 мыңнан астам теле-сабақ дайындалады. Бұған үлкен күш жұмсалуда», - деді вице-министр.

Оның атап өтуінше, теле-сабақ барысында Нұр-Сұлтан қаласының, Назарбаев Зияткелік мектептерінің, республикалық, халықаралық және жеке мектептердің үздік ұстаздары еліміздің барлық балаларына сабақ береді.

«Ұстаздарға тек қолдау қажет. Ұстаздар мен оқушыларға білім әлемінде жаңа асуларды меңгеру жолында табыс тілейміз», -деді Шолпан Каринова.


Жоғары қарай