Ауа райы
Астана 10 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Оқшы ата қорымы: Тарих пен аңыз

2020 жылдың 2 тамыз 2020 12:43

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының Шиелі ауданы аумағында орын тепкен Оқшы ата қорымында елдің есінде қалған көптеген қасиетті адамдар мәңгілік мекенін тапқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш орын тоғыз жолдың торабында жатыр. Дәл іргесінен бұрын Түркістан мен Сібір арасын жалғаған теміржол өтеді. Ал бір жағында «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» көлік дәлізі орналасқан.

Ел ішінде айтылатын аңыз бойынша, өткен ғасырдың басында шойын жолды тартқан адамдар оны әулиелер жатқан жерден жүргізбек ниет танытқан көрінеді. Кейбір адамдар бұл мекенді трактордың күшімен бұзып тастаудан да арланбапты. Алайда ол дегеніне жете алмайды. Кесенелерді бұзуға бет алған трактор өздігінен тоқтап қала берген. Дәл осы көрініс бірнеше мәрте қайталанады. Ақырында құрылысшылар қасиетті мекенді айналып өтетін теміржол тартуға көшеді.




Қасиетті орын неге Оқшы ата атанған? Ол кісінің азан шақырып қойылған есімі жайында халықтың арасында бірнеше болжам айтылады. Ол кісінің шын есімін біреу Көгентүп десе, екіншісі Ибраһим дейді. Тағы бір деректерде азан шақырып қойған аты - Ибраһим, лақап есімі Көгентүп делінсе, халықтың қойған аты Оқшы болған деседі. Белгілі зерттеуші Әуелбек Қоңыратбаевтың айтуынша, ол кісі оқ, қару жасаған оғыз батыры деп көрсетілген.

Оқшы ата жас кезінде жетімдіктің ащы дәмін татады. Күндердің күнінде бір шал мен кемпірге өкіл бала болады. Кейбіреулер секілді пендешілікке бой алдырмай, пәни дүниеде талайға өнеге көрсетеді. Мешіт салып, ағайын-туысты ислам дініне шақырған.

Күндердің бірінде ол асырап алған ата-анасынан Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Яссауиге сәлем беріп қайтуға сұранады. Сол заманда бір хан елдің арасынан салық жинаумен қатар, кезекпен әр жұрттан бір қыздан алып келуді талап еткен екен. Ата-анасы Оқшы атамызға осыны айтып «Балам-ау, сен кеткенде қарындасыңды хан алып кетсе, біздің күніміз не болады?» - дейді. Сонда еш абыржымай, сөз алған ол кісі «Менің атымды үш мәрте айқайлап айтсаңыз болды, заматында осы жерге келемін», - дейді.

Айтқандай, ханға алым-салық жинап беретін межелі күн де келіп жетеді. Нөкерлер Оқшы ата тұратын қонысқа келеді. Оны асырап алған әкесі дәл осы кезде ол кісінің атын үш мәрте айқайлап айтады. Елдің үрейін алған нөкерлерімен бірге жеткен хан аяқ астынан аттың үстінен ауып, жерге құлап түседі. Әркім «ханның көзін мен құрттым» деп даурығып жатады.

«Халайық, бостан-босқа даурыға бермейік, ханды кімнің атқанын жүрегіне қадалған арпаның қылтығынан аңғаруға болады. Егер оның көзін мен құртқан болсам, оның жүрегінде арпаның қылтығы тұруы тиіс», - дейді Оқшы ата.

Расында да, дәл солай болып шыққан. Жергілікті жұрт Көгентүп есімді жігіттің тегін адам емес екенін ұғынып, оған құрмет көрсетеді.

Сондай-ақ, осы қорымда өзге де әулие кісілердің жамбасы жерге тиген. Олардың қатарында Есабыз әулие, Асан ата, Ғайып әулие, Қыш ата, Бала би, Досбол би секілді халықтың ықыласына бөленген адамдар бар. Қазақ ұлты Асан қайғы атап кеткен әйгілі дала данышпаны да осы мекенде өмірден өткен көрінеді.

«Оқшы ата түркілер арасында исламды насихаттаған діндар адам болды деген деректер бар. Бұл жер ХІV ғасырда Қожа Ахмет Иассауидің даңқты кесенесін Ақсақ темір салғанға дейін осы Оқшы ата жері ежелгі Тұран, оғыздар мен түркі-қыпшақтардың бекзат азаматтары жерленген пантеон болған екен. Демек, бұл қабірстанда қадым ғасырларда біз білетін аталардан басқа жасаған небір арыс азаматтардың жатуы мүмкін. Оқшы ата, Есабыз, Асан қайғы, Ғайып ата, Қыш ата, Досбол би сияқты ұлылар - халық зердесінде сақталғандары ғана. Оқшы ата ХІ ғасырда өмір сүрген, халықты жаудан құтқарып, елдің болашағы үшін күрескен ұлы тұлға. Сондықтан да халық Оқшы ата мазары ерте заманнан киелі жер санаған», - деді Қызылорда облыстық тарихи мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің ғылыми қызметкері Еркебұлан Елеуов.

Өткен ғасырдың 60-жылдарында кейбір зиялы азаматтардың бас болуымен әулиелерге кірпіштен кесене орнатылған екен. Оған дейін көбі қам кесектен салынғанға ұқсайды. Жергілікті жамағат қасиетті кісілерді ешқашан жадынан шығарған емес. Алғаш рет 1997 жылы олардың аруағына арналып ас берілсе, содан бері сол игілікті іс лайықты жалғасын тауып келеді.

Бұдан бұрын Қорқыт ата кешені жайында жазған едік.





Жоғары қарай