Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ОҚО-ның бірқатар елді мекендерінде радиологиялық зерттеулер жүргізілді

2016 жылдың 12 қараша 2016 03:14

АСТАНА. ҚазАқпарат - Республикалық радиологиялық орталық пен Қазақстанның ядролық қоғамы «Заречное» БК» АҚ («Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еншілес кәсіпорны) уран өндіретін Оңтүстік Қазақстан облысындағы Отырар ауданының Темір, Шәуілдір және Көксарай елді мекендерінде бірлескен радиологиялық зерттеу жұмыстарын сәтті аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Республикалық радиологиялық орталық» ЖШС-на сілтеме жасап.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, уран кен орындарына жақын орналасқан осы ауылдардағы кешенді зерттеулерге жергілікті атқарушы билік, «Нұр Отан» партиясы, БАҚ және жұртшылық өкілдері қатысты.

Мониторинг уран өндіруші кәсіпорынның қызметі қоршаған орта мен тұрғындарға қаншалықты әсері барын анықтау мақсатында жүргізілді. Мамандар ауылдардың аумағындағы, балабақша, мектеп және ауруханадағы гамма-сәулелену мөлшерін өлшеді. Бақылау нүктелеріндегі (тұрғын үй және қоғамдық нысандар, ұңғымалар, т.т.) химиялық заттар құрамының рұқсат етілген нормада шоғырлануын тексеру үшін ауыз су және топырақтан сынамалық үлгілер алынды.

Ауыз су құрамында уран-238 барын анықтауға жүгізілген зертханалық зерттеулер «Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге санитарлық-эпидемологиялық талаптардың» гигиеналық нормаларында қарастырылған рұқсат етілген деңгейден аспайтынын көрсетті. Мәселен, құрамында уран-238 барын тексеру үшін Шәуілдір ауылындағы Ш. Қалдаяқов атындағы орта мектепте алынған ауыз су 1,19 Бк/кг көрсетсе, ауруханадағы көрсеткіш 1,19 Бк/кг тең болды. Ал рұқсат етілген көрсеткіш 3,0 Бк/кг.

Топырақ құрамын тексерген гамма-спектрометрикалық әдіс те табиғи радионуклидтер құрамы бойынша осы өңірге тән орташа фондық көрсеткіштерден ауытқушылық жоғын дәлелдеп, альфа-белсенділік бойынша 2,2 Бк/кг, бета-белсенділік бойынша 1,4 Бк/кг көрсетті. Сондай-ақ, су мен топырақтың химиялық құрамына зертханалық талдау нәтижесі ауыр металдар тұздарының құрамы нормадан аспайтынын анықтады.

Мамандар Темір, Көқсарай және Шәуілдірде радиациялық бақылау жүргізіп, гамма-сәулеленудің орташа көрсеткіші жылына 0,68 мЗв құрайтынын анықтады, рұқсат етілген норма жылына 1 мЗв екенін ескерген жөн. Салыстырмалы түрде қарастырсақ, мегаполистерде бұл көрсеткіш жылына 0,5-1 мЗв аралығында құбылып тұрады.

Радиологиялық мониторинг қорытындылары жоғарыда аталған елді мекендердегі тұрғындардың табиғи көздерден сәулелену мөлшері Қазақстан Республикасының гигиеналық нормативтерінен аспайтынын дәлелдеді.

Жоғары қарай