Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Нығматулин: Мәжіліс Президенттің барлық батыл бастамалары мен шешімдерін қолдайды

2022 жылдың 10 қаңтар 2022 10:25

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәжілістің Бюро отырысында Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин еліміз үшін күрделі кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың барлық шешімдері мен батыл қадамдары бірегей және уақытылы екенін атап өтті.

Бюро отырысы Президенттің 10 қаңтарда Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялануына орай, бір минуттық үнсіздікпен басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап,

Нұрлан Нығматулин депутаттық корпус атынан еліміздің бірқатар өңірлерінде болған қайғылы оқиғалардың салдарынан қаза тапқандардың жақындары мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.

Мәжіліс Төрағасы депутаттар бірінші күннен бастап оқиға орындарында, алаңдарда халықпен бірге жүргенін, Үкіметтік комиссиямен бірге жұмыс істегеніне тоқталды. Сонымен қатар, барлық депутаттар аймақтарымен тұрақты байланыста болғанын атап өтті.

«Бүгін еліміз үшін, халқымыз үшін қиын сәтте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың осы күндері қабылдаған әрбір шешімдері, әрбір қадамдары ел тағдырын қорғауға және сақтауға бағытталған. Сондықтан, бірінші күннен бастап Парламент Мәжілісі Президенттің барлық бастамаларына жан-жақты қолдау көрсете отырып, заң деңгейінде нақты жұмыс істеуде, - деді Палата Спикері.

Отырыс барысында депутаттар бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Атап айтқанда, жеке қосалқы шаруашылық туралы, кинематография және мәдениет мәселелері бойынша, тұрғын үй саясатын реформалауға қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары бар.

Сондай-ақ, Палата комитеттері жұмысқа алатын құжаттардың қатарында Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне экологиялық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты күшейту және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне экологиялық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобалары бар.

Сонымен қатар, Палата депутаттары бірқатар ратификациялық заң жобаларын жұмысқа алды. Олар: толық емес жұмыс уақыты жағдайларындағы жұмыс туралы, Қазақстан мен Түркі Академиясына байланысты келісім және БҰҰ медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық татуласу келісімдері туралы конвенциялары.


Басты сөздер: Депутат, Мәжіліс, Парламент,
Жоғары қарай