Ауа райы
Астана -10 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 388.49
EUR 427.26
RUB 6.06
CNY 55.32

Нұрсұлтан Назарбаев Токиоға келді

2019 жылдың 21 қазан 2019 17:56

ТОКИО. ҚазАқпарат - Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияның императоры Нарухитоның таққа отыруына арналған ресми шараға қатысу үшін Токиоға ұшып келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Император Акихитоның өз еркімен өкілеттігін тоқтатуы осыдан екі ғасыр уақыттан кейінгі айрықша оқиға болып отыр. Сол себепті, 2017 жылы ол өз өкілеттігін тоқтатуы үшін арнайы заң әзірленіп, қабылданған еді. Жалпы осы уақытқа дейінгі қабылданған Император үйі туралы заңда императордың өз еркімен өкілеттігін доғаратындығы жазылмаған. Сондықтан бұл шара - Императордың таққа отыру салтанатты рәсімі жапон халқы үшін қасиетті саналады», - деді Қазақстанның Жапониядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерлан Баударбек-Қожабаев қазақстандық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Қазақстан Елшісінің дерегінше, қазіргі уақытта 177 елдің делегациясы Жапонияның императоры Нарухитоның таққа отыруына арналған ресми шараға қатысатындығын растаған. Олардың қатарында Мемлекет және Үкіметтер басшылары, сыртқы істер министрлері бар.

«Жапон Үкіметі, оның ішінде Үкімет басшысы Синдзо Абэ Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы жолғы сапарына зор ризашылық танытып, өз құрметін білдіріп отыр. Себебі, осыған дейін айтқанымдай, жапон халқы үшін императордың таққа отыруы қасиетті мәнге ие», - деді Қазақстан Елшісі.

Естеріңізге сала кетейік, Жапония Үкіметі 2019 жылдың 1 мамырында жаңа империялық кезеңнің басталғанын жариялады. Бұл кезең «Рейв» дәуірі деп аталады. Қазақ тіліне аударғанда - «тәртіп», «үйлесім» және «гүлденген әлем» деген мағына береді. Қазіргі «Хэйсэй» деп аталатын дәуірдің атауы Қытай әдебиетінен алынған болатын. Мағынасы - «әлем жетістігі». Ол дәуір 1989 жылдың қаңтарында, Хирохито император қайтыс болған кезде басталған еді. Оның ұлы Акихито Жапонияның 125-ші императоры ретінде 30 жылға жуық уақыт билік құрды. Сөйтіп, өз еркімен тақтан бас тартты. Ол бұл шешімін жасының ұлғайғанымен түсіндірді. Ханзада Нарухито таққа 1 мамыр күні отырды.

Фото: twitter.com/aidos_ukibay

Жоғары қарай