Ауа райы
Астана -14 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының кезектен тыс XX Съезін қорытындылады

2020 жылдың 25 қараша 2020 13:36

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының кезектен тыс XX Съезін қорытындылап, сөз сөйледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әр партия үшін съезд өткізу - өте үлкен мәселе, өте үлкен кезең, өте үлкен жұмыс саналады. Съезд өткен сайын өткенге қарап, қандай табыстарға жеткенімізді, халық алдындағы бағдарламамыздың орындалу барысын қорытындылаймыз. Бүгінде Nur Otan партиясы еліміздегі ең басты саяси күшке айналғанын көріп отырмыз. Осы жылдардың ішінде партия ішкі тұрақтылықтың тірегіне айналды. Халықтың әл-ауқатын арттыру жолында аянбай жұмыс істеді. Мұның бәрі партияның ел болашағына сенімі берік азаматтарды біріктіруінің арқасында мүмкін болды. 30 жылда қандай қиыншылықтардан өтсек те, біз елімізді айтарлықтай өсіп-өндірдік, халықтың әл ауқатын жөндедік. Жалпы, осы жылдардың ішінде басқа ұлт өсіп шықты. Көзімізбен көріп отырмыз», - деді ҚР Тұңғыш Президенті.

Елбасы аз уақыттың ішінде мемлекет құрып, шекараны бекіткенімізді, жаңа астананың іргесін қалағанымызды баса айтты.

«Іс жүзіне келер болсақ, оның артында қаншама атқарған іс, жұмыс, қаншама қиыншылық пен тартыс жатыр. Тек Ресеймен 7 500 шақырым шекараның әр шақырымын шегендеу, әр ауыл төңірегінен өту өте қиын. Мысалы, Өзбекстанмен шекараны шегендеген кезде бір үйдің бір бөлмесі Қазақстанда, бір бөлмесі Өзбекстанда қала жаздаған да жағдай болды. Соның бәрін шешуге тура келді. Шекарамыз 14 мың шақырым болса, соның бәрін тұңғыш рет шегендеп қол қойып, БҰҰ-ға тапсырдық. Шекарасы жоқ ел мемлекет емес. Шекарасыз ел болмайды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Елбасы тағдырдың жазуымен әлемнің әр қиырына тарыдай шашылған 1 млн-нан астам қандасымызды елге қайтарғанымызды баса айтты.

«Ол процесс әлі тоқтаған жоқ. Әлі де келіп жатыр. Келеміз деген азаматтардың барлығын Қазақстан құшақ жая қарсы алып, мүмкіндігінше көмектеседі», -деді Елбасы.


Жоғары қарай