Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Нұрлы жол» халықты жол азабынан құтқара ала ма

2021 жылдың 25 қыркүйек 2021 21:06

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Бақтияр Жамбыл ҚазАқпарат тілшісіне «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында атқарылған жұмыстар туралы сұхбат берді.

- Бақтияр мырза, «Нұрлы жол» бағдарламасы жол құрылысына қандай серпін берді деп ойлайсыз? Биыл қандай жолдар жөндеу көрді? Әлі қандай проблемалы учаскелер бар?

- Облыстық және республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 96 мың шақырым болады. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 8,4 мың шақырым жол жөнделуі тиіс, оның 5 мың шақырымы - республикалық маңызы бар жолдар. Республикалық маңыздағы жолдарда бұл бағдарламаны «Қазавтожол» АҚ, ал жергілікті маңыздағы жолдарда әкімдіктер іске асырады.

Бүгінде біз 3,6 мың шақырым жолды қайта жарақтап жатырмыз. Яғни, қайтадан тағанын төсеп, биіктетіп, асфальт төсейміз. Мысалы, жоспар бойынша, «Талдықорған-Өскемен» бағытындағы жолды қайта жарақтау жұмыстарын келесі жылы аяқтауымыз керек. Халықты толғандыратын келесі мәселе - «Қарағанды-Алматы» автожолы. Мұнда құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, жолдың ұзындығы - 363 шақырым. Сондай-ақ, «Балқаш-Бурылбайтал» учаскесінде жол салу жұмыстары неліктен тоқтап тұрғанын сұраушылар көп. Әуелі 1997 жылы учаскеде жұмыс тоқтап, қаржысыз қалды. Себебі Дүниежүзілік банк жолдағы көлік ағыны жобаның шығынын ақтамайды деп шешкен болатын. Біз бұл учаскеде орташа жөндеу жұмыстарын жүргіздік, яғни техникалық мүмкіндіктерін өзгертпедік. Жолдың 228 шақырымы қайта жарақтауды қажет етеді. Ұзындығы 67 шақырым болатын «Қапшағай-Күрті» учаскесі бойынша жергілікті компаниялар жұмыс істеп жатыр. Біздің міндетіміз – учаскелердің бәрінде құрылыс-монтаждау жұмыстарын келесі жылы және 2023 жылы аяқтау.

«Меркі-Бурылбайтал» жобасы да халықты толғандырады. Учаскенің жалпы ұзындығы 266 шақырым. Мұнда құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл екі учаскені пайдалануға береміз. Жалпы, шарт бойынша аяқтау келесі жылға жоспарланған. Сондай-ақ, «Атырау-Астрахан» жобасына тоқталатын болсақ, мұнда да құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. «Ақтөбе-Қандыағаш» учаскесі бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары биыл басталды. Қандығаштан Мақатқа дейінгі бөлікте 2018 жылдан бастап құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Қандыағаш учаскесінен Атырауға дейінгі аумақты асфальттауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, халық «Атырау-Астрахан» жолына қатысты мәселені көтере бастады. Биыл 60 шақырымды учаскені аяқтаймыз.

Жалпы, Батыс Қазақстан облысы бойынша автожолдарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Жақында ғана «Қызылорда-Жезқазған» жобасы бойынша Еуропа банкімен келісімге қол жеткіздік. Жолдың жалпы ұзындығы 427 шақырым. Қаржыландыру мәселесі толығымен шешілді және келесі жылы құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз.

Алакөлдегі туризм мәселесіне де көңіл бөліп отырмыз. «Үшарал-Достық» трассасының алғашқы 60 шақырымы биыл аяқталады. Ал жалпы ұзындығы 180 шақырым болатын бөлігін келесі жылдың соңында аяқтау жоспарланған. Бұл туризмді дамытуға жақсы мүмкіндік береді деп ойлаймын.

Сондай-ақ, Алматы ауданында Үлкен Алматы айналма жолын салып жатқанымызды білесіздер. Мүмкіндіктің болмауына байланысты жұмыстар тек былтыр басталды. Жобаның жалпы ұзындығы 66 шақырым. Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл 30 шақырымдық учаске аяқталуы тиіс, ал келесі жылы бүкіл жобаны аяқтаймыз. Бірақ келісім бойынша біз жұмысты 2024 жылы аяқтауымыз керек және ол ақылы болады. Үлкен Алматы айналма жолы – халықаралық дәліз. Орташа қозғалыс жылдамдығы сағатына 150 шақырымға жетеді. Біз барлық қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз етуіміз керек. Жалпы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бұл бағытта 15 жобаны жүзеге асыруда.

Жергілікті жолдарға келетін болсақ, Президент 2025 жылға дейін жолдардың жағдайын 95% дейін жақсартуды тапсырды. Бұл бағытта әкімдіктермен бірге бағдарлама әзірледік.

Сондай-ақ, құрылыс маусымы қызған кезде біз битумның тапшылығын қатты сезінетінімізді білесіздер. Мысалы, қазір зауыттар бір айда 120 мың тонна шығара алады. Ал біздің қажеттілігіміз 200 мың тоннаға дейін жетеді. Яғни, 80 мың тонна жетіспейді. Осындай проблемалар бар. Осыған байланысты біз проблемалардың бәрін министрліктер алдында көтердік. Бұл тек бізге ғана байланысты емес. Ел жолдарында 100 мыңға жуық адам еңбек етеді. 200-300-ге жуық компания, 25 мың техника жұмылдырылған.



- Жергілікті маңызы бар жолдардың сапасына тұрғындар көп шағымданады. Мысалы, Қарағанды облысының Жаңаарқа жеріндегі жолдардың сапасы сын көтермейді. Сондай-ақ батыс өңірдің, соның ішінде Атырау облысының жолдары бойына да жиі шағым айтылып жатыр. Бұл тұрғыда қандай жұмыс атқарылуда?

- «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша республикалық маңызы бар 25 мың шақырым жолдың 13 мың шақырымын жақсартуымыз керек. Мысалы, Қарағанды облысында бірінші кезекте Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды учаскелерін реттеу керек. Қарағанды-Аягөз-Бұғаз бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлене бастады және 2023 жылға қарай құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, Атырау-Орал жобасы бойынша да мәселе бар. Тұрғындар жол тар болған соң көлік апаты көп болатынынан шағым айтуда. Біз қазір осы жолды кеңейту мәселесін қарастырып жатырмыз.

- Жалпы жолдардағы апат саны азайды ма? Сапасының кесірінен апаттар жиі болатын қандай жолдар қалды?

- Әкімшілік полиция комитетімен бірлесіп жол көлік оқиығалары бойынша талдау жүргіземіз. Былтыр 16 614 жол көлік оқиғасы болған. Оның ішінде республикалық желі бойынша 2 154 апат орын алды, бұл бүлкі апаттың 13% деген сөз. Авариялардың негізгі себебі – жылдамдықты арттыру (38%). Қарсы жолаққа шығу фактісі - 10%, тізгінге ие болмау - 8%, аралықты сақтамау - 7%. Мас болып көлік айдау - 2%. Талдауға қарасақ, сапасы жаман жолдарда апат көп тіркелмеген. Жол сапасы жақсарған сайын апат жиілейді. Мысалы, Түркістан облысында жол-көлік оқиғаларының саны артып келеді. Сондықтан бізге санамызды өзгерту керек.

- Биыл ақылы жолдарға байланысты даулы мәселелер көп болды. 2025 жылға дейін республикалық маңызға ие, сапасы жақсартылған жолдарды ақылы ету жоспары бар. Осы жоспар қалай орындалып жатыр?

- «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 11 мың шақырым автожол ақылы болады. Биылғы жылы 5,8 мың км ақылы жүйені енгізу міндеті қойылды.

Қазан айының соңы мен қараша айының басында 1,8 мың шақырым автожолға ақылы жүйені енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл бірінші техникалық санаты бар, төрт жолақты жолдар. Олар: Ташкент-Шымкент, Шымкент-Түркістан-Қызылорда, Талдықорған-Қапшағай, Оңтүстік-Батыс айналма жолы. Қалған 4 мың шақырымға ақылы жүйе сәл кейін енгізіледі.

- Жол бойындағы сервистің сапасын көтеру бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

- Бүгінгі таңда республикалық маңызы бар жолдардың бойында 1738 нысан бар. Олардың 1093-і немесе 63% біздің стандарттарға сәйкес келеді. Қалған 37% талапқа сай емес. Бұл мәселелермен әкімдіктер айналысуы тиіс. Өйткені бұл өңірдің деңгейін көрсетеді. Адамдар бірінші кезекте жолдардың жай-күйіне және сервис объектілеріне қарайды. Біз қазір рейтингіні көтеру мәселесін қосып жатырмыз. Айталық, егер әкімдік сервис нысандарын дамытатын болса, онда оның рейтингі де көтеріледі. Сондай-ақ, 14 облыста «Қазавтожол» компаниясының бөлімшелері бар. Олар жол бойындағы сервисті жақсартса, рейтингін көтереміз. 2021 жылы – 56, 2022 жылы – 74, 2023 жылы – 82, 2024 жылы – 90, 2025 жылы – 100 сервис объектісін салуымыз керек. Бағдарлама аясында стандарттарға сәйкес келетін 64 санитарлық-гигиеналық торап салынуда.

Сондай-ақ, ірі жанармай құю станцияларымен жасасқан келісімшарттар бар. 2025 жылға дейін жол бойында 134 жанармай құю станциясын салу жоспарланған. Солардың базасында дүкендер мен жылы дәретханалар болады. Биыл осындай 24 нысан салынуы керек.

- Жалпы, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Қазақстандағы сапасы жақсы жолдардың үлесі неше пайызға жеткізіледі?

- Республикалық жолдар бойынша Президент барлық инфрақұрылым жобаларын аяқтауды тапсырды. Тиісті қаржыландыру дер кезінде бөлінетін болса, республикалық маңызы бар жолдардың бәрін 100% талапқа сай етуге тиіспіз. Ал жергілікті жолдардың 95% сапа стандартына сай ету міндеті қойылған.

- Сұхбатыңызға рахмет!


Жоғары қарай