Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Нұр-Сұлтанда «Бақытты келіншек кітабы» мотивациялық жинағы жарық көрді

2021 жылдың 14 мамыр 2021 14:56

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада қыз-келіншектерге арналған «Бақытты келіншек кітабы» жаңа жинағы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Деректі-мотивациялық туындыны журналист, телепродюсер, PhD докторы, көпбалалы ана Алма Сайлауқызы 15 мамыр – Халықаралық отбасы күні қарсаңында шығарып отыр.

«Менің кітабым бақытты, өзіне сенімді, толыққанды қазақ әйелі туралы болмақ. Өздеріңіз білетіндей, біздің ел Еуразия құрлығында орналасқан және әйелдер бойында шығыс даналығы мен еуропалық мақсатқа жету, білім алу қасиеттері ұштасып жатыр. Дәл осындай қасиеттермен Шығыстан да, Батыстан да ерекшеленеміз, өз бірегейлігіміз бар. Бұл кітапта қазіргі заманғы қазақ әйелінің бейнесін ашып, оның бағдарын көрсетіп, жұмыс істеуге, оқуға және балаларды тәрбиелеуге үлгерген табысты көпбалалы ананың құпиясын ашқым келді», - дейді кітап авторы Алма Сайлауқызы Rixos қонақүйінде өткен тұсаукесер рәсімінде.

Кітап бақытты қыз, бақытты жар, бақытты келін, бақытты ана, бақытты қарындас, бақытты әпке, бақытты сіңлі, бақытты жеңге, бақытты маман және бақытты құрбы бөлімдерінен құралған.





«Кітаптың жанрын деректі-мотивациялық туынды деп қойдық. Деректі дегеніміз, өз өмірімдегі шынайы өмірде болған оқиғаларды негізге ала отырып, ғалымдардың, психологтардың, Алаш арыстарының тұжырымдарын сараптай отырып, дәйекті түрде жеткізуге тырыстым. Оны жазуға бір жылдай уақыт кетті, бұл жұмысты бесінші сәбиімді дүниеге әкеліп, декреттік демалыста және карантинде отырғанда қолға алдым», - дейді А. Сайлауқызы.

Әзірге жинақтың мың данасы шығарылған, оны «Қазына» онлайн кітап дүкеніне сатып алуға болады.




«Бақытты келіншек кітабы» біздің оқырмандар үшін жаңалық болады деп ойлаймын. Өйткені, бізде поэзия, проза, түрлі эсселер кітаптар шығады, бірақ дәл осындай мотивациялық, психологиялық және қыздарымызға тәрбие беретін кітап бізде жоқ. Бізге мотивациялық, тәрбиелік бағыттағы кітаптарды шетелдің авторлары жазу керек сияқты, тек соларды ғана оқуымыз керек сияқты. Ал шын мәнінде өзімізде де бар. Алма Сайлауқызы PhD докторы, осы саланы зерттеп жүрген ғалым ретінде осы идеяны көтеріп жатыр және өзінің өмір жолындағы ойға түйген тұжырымдарын жазды. Сондықтан, автор жаңа бір бағытқа жол ашып отыр, бұл кітап қыз-келіншектерге қажет деп ойлаймын», - дейді ақын, ЕҰУ доценті Оңайгүл Тұржан.


Автор Айжан Серікжанқызы
Басты сөздер: Әдебиет,
Жоғары қарай