Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Нұр-Сұлтанда ана мен бала өлімі азайды

2020 жылдың 30 шілде 2020 22:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы алқасының онлайн-отырысы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Отырысқа Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Макен, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаят, қаладағы медициналық ұйым басшылары қатысты.

Жиыннан мәлім болғанындай, 2020 жылғы қаңтар-маусымда елордада ана өлімі 7,2%, нәресте өлімі 1,3% төмендеді. Сонымен қатар неонатальды өлімнің (-1,5%) және бес жасқа дейінгі балалар өлімінің (3%) төмендеуі байқалады.

«Нұр-Сұлтанда сәби өлімі азайды. Бірақ бұл босаңсуға себеп емес. Жұмысты жақсарту қажет», – деді жиында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Макен.




Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ә.Рүстемованың айтуынша, 2019 жылмен салыстырғанда елордадағы жалпы сырқаттанушылық 9,4%-ға төмендеді. Аурушаңдықтың құрылымында тыныс алу жүйесінің аурулары алдыңғы орында – 40%-ды құрайды. Белгілі болғандай, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қаланың медицина ұйымдары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде жұмыс істей бастады. МӘМС пен кепілдендірілген тегін медициналық көмек (КТМК) бойынша медициналық көмек көрсетуге келісімшарттар жасаған Нұр-Сұлтан қаласындағы барлық 95 медицина ұйымында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен «Сақтандыру» ақпараттық жүйелерімен толықтай интеграцияланған медициналық ақпараттық жүйелер енгізілді.




Медициналық көмекке тікелей қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін «Үйдегі дәрігер» жобасы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Биыл 6 нысан ашылды, жыл соңына дейін тағы 4 нысанды ашу жоспарлануда.

«КВИ бойынша ахуалды тұрақтандыру үшін атқарылған орасан зор жұмыс өз нәтижесін берді. Сонымен, бүгінде қала тұрғындарының өтінімдерінің саны 2,3 есе – күніне 3 410-нан 1 493-ке дейін; қоңыраулар саны екі есе – күніне 2 368-ден 1155-ке дейін азайды. Оның ішінде коронавирус бойынша 5 есе – күніне 350-ден 71-ге дейін төмендеді. Ауруханаларға түскен науқастар саны 4 есе – күніне 400-ден 100-ге дейін азайды. Тиісінше, төсек-орын қорының жүктемесі 90%-дан 39%-ға дейін төмендеді», – деді Ә. Рүстемова.

«Мемлекет басшысы стационарларда жоспарлы түрде емдеуге баса назар аударды. Бұл тек коронавирус инфекциясы бар науқастарға ғана қатысты емес, біз сапалы медициналық көмекке мұқтаж азаматтардың барлығына қамқорлық жасауымыз керек. Сондай-ақ қала тұрғындарының келіп түскен шағымдарын да ұдайы ескеру қажет. Жұмыс қайта жолға қойылған кезде олардың саны артады», – деді Б.Макен.

Кездесу қорытындысы бойынша елорданың денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыттары анықталды. Бұл денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, медицина ұйымдарын кадрлармен қамтамасыз ету, эпидемиологтардың рөлін күшейту, пандемия кезіндегі жұмыс тәжірибесін ескере отырып, бастапқы медициналық-санитарлық көмек жұмысын ұйымдастыру, сондай-ақ күз-қыс кезеңіндегі коронавирус инфекциясының келесі толқынына дайындық жүргізу.








Басты сөздер: Нұр-Сұлтан, Медицина,
Жоғары қарай