Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Нұр-Сұлтанда алты мекеме карантин талабын бұзды

2021 жылдың 11 маусым 2021 21:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорданың мониторингтік топтары бірнеше айдан бері күшейтілген режимде жұмыс істеп, қаланың кәсіпкерлік нысандары арасында карантин бұзушыларды анықтауда.

Өткен тәулікте Нұр-Сұлтанда карантин тәртібі алты мекемеде бұзылғаны анықталды. Бұл туралы ҚазАқпарат қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Мониторингтік топтар бірқатар мекемелерді әкімшілік жауапқа тартты.

Сарыарқа ауданындағы Кенесары көшесі, 8 мекен-жайында орналасқан «Адем» қонақ үйінің қызметкерлері жұртшылыққа бетпердесіз қызмет көрсеткен. Бұл сәтте ғимаратта 9 адам болған.

Есіл ауданындағы Достық көшесі, 18 мекен-жайында орналасқан «Back to Hemingway» бары карантин режимін бұзып, кальян шегу қызметін ұсынған. Ал Тұран даңғылы, 2 мекен-жайындағы «Aura Alanya» түнгі клубы түн ортасынан кейін жабық есік арқылы жұмыс істеді.

Бас санитарлық дәрігердің қаулысының бұзылуы Азербаев көшесі, 47 мекен-жайындағы «One shot» компьютерлік клубында және Алматы ауданындағы Қордай көшесі, 50 үйде орналасқан «Home bar» барында анықталды.

Мониторингтік топ Байқоңыр ауданындағы Пушкин көшесі, 9 мекен-жайында орналасқан «Ачичук» кафесінде бір үстелдегі қонақтар саны тым көп екенін анықтады. Бір үстелде 8 адамнан артық болғаны белгілі болды.

Жиналған материалдың бәрі тиісті шаралар қабылдау үшін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына тапсырылды.

Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша «қызыл» аймақта. Қаладағы эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз. Елорда тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандары коронавирустық инфекцияның одан әрі таралуын болдырмас үшін санитарлық нормалар мен карантин талаптарын қатаң сақтауы керек.


Жоғары қарай