Ауа райы
Астана -11 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Нұр-Сұлтан мәслихаты қаланың үш жылдық бюджетін қарады

2020 жылдың 30 қазан 2020 14:55

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордалық мәслихат Нұр-Сұлтан қаласының 2021-2023 жылдарға арналған бюджет жобасын талқылауды бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан қаласының Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев қала мәслихатының тұрақты комиссиясының отырысында бюджеттік жоба туралы баяндама жасады.

2021-2023 жылдарға арналған болжам бойынша, нақты кірістер 1 трлн 1 млрд 376 млн теңге болады. Оның ішінде 2021 жылы - 319,7 млрд теңге, 2022 жылы - 332,3 млрд теңге, 2023 жылы-349,4 млрд теңге түсім болжанған.

«2021 жылы нақты кіріс 319,7 млрд теңге деңгейінде бағаланып отыр, мұнда 2020 жылдың бюджетімен салыстырғанда 5%-ға өсім бар. Алдағы үш жылдық кезеңдегі салықтық түсімдер елорданың нақты кірістер көлемінің 98%-ға жуығын қамтамасыз етеді. 2021-2023 жылдары нақты кірістер түсімінің жыл сайынғы өсімі 5%-ды немесе шамамен 15 млрд теңгені құрайды», - деді Қайсар Маңқараев.

Оның айтуынша, жергілікті үш жылдық бюджеттің жалпы шығындары тиісінше 1 трлн 1 млрд 376 млн теңге сомасында жоспарланып отыр.

«Қала бюджетіне республикалық бюджеттен үш жылдық кезеңге 63,3 млрд теңге сомасында нысаналы трансферт көзделген, оның ішінде 2021 жылы - 44,2 млрд теңге, 2022 жылы - 12,6 млрд теңге және 2023 жылы - 6,5 млрд теңге. 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферт көлемі туралы заңға сәйкес, 2021 жылы республикалық бюджетке 34,2 млрд теңге, 2022 жылы - 38,5 млрд теңге мөлшерінде алынуы тиіс. Биыл ТЖ режимінің енгізілуіне байланысты, республикалық бюджетті нақтылау аясында меншікті кірістер есебінен республикалық бюджетке кері трансферттермен 7,7 млрд теңге аударылды. 2021 жылы жергілікті бюджеттен аударым жасау көлемі 15,4 млрд теңге болмақ», - деп атап өтті басқарма басшысы.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысының азаматтардың өмір сүру сапасы мен әлеуметтік әл-ауқатын арттыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған бастамалар тапсырмаларын іске асыру шаралары жоспарланған.

Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының хабарлауынша, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің аппаратына 5 млрд 538 млн теңге қарастырылған, оның ішінде 2021 жылы - 1 млрд 847 млн теңге бөлінеді.


Автор Айжан Серікжанқызы
Басты сөздер: Бюджет, Нұр-Сұлтан,
Жоғары қарай