Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Нұр-Сұлтан әкімдігі Санжар Тәшкенбайға оқу грантын береді

2021 жылдың 27 сәуір 2021 22:41

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда әкімдігі Польшаның Кельце қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында «алтын» алған Санжар Тәшкенбайға оқу грантын береді.

Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Польшада бокстан жастар арасындағы өткен әлем чемпионатында елорда тұрғыны Санжар Ташкенбай бірінші орын алды. Санжар 11-сыныпта оқиды, мектептен кейін өмірін толықтай спортқа арнауды шешті. Санжарға жоғары оқу орнында оқуға грант бөлеміз, ақшалай сыйақы табыстадық. Сонымен қатар жастар арасындағы бокстан әлем чемпионы ай сайын 170 мың теңге көлемінде материалдық көмек алады. Жаттықтырушының еңбегін де атап өттік», - деп жазды А. Көлгінов өзінің Instagram парақшасында.




Әкім әр жеңістің артында жылдар бойғы жаттығулар, үлкен еңбек, ерік пен мінез тұрғанын атап өтті. Жарыстар мен чемпионаттарда спортшылар тек өзінің, жаттықтырушылары мен отбасының атынан ғана емес, еліміздің туын желбіретіп, Қазақстанның атынан шығады.

«Өз тарапымыздан спортпен айналысу үшін бұдан әрі де қолдау көрсетіп, жағдай жасайтын боламыз! Бұған дейін жас спортшылар кездесу барысында алдағы уақытта да өз бағытын одан әрі дамытқысы келетіндерін айтты. Болашақ чемпиондарымызды қолдау үшін жаңа оқу жылынан бастап спорт саласы бойынша гранттар санын көбейттік. Қазіргі спортшылар үшін ай сайынғы материалдық мазмұн мөлшері ұлғайтылды, ол соңғы 10 жыл өзгеріссіз болған еді. ҚР құрама командалары сапындағы спортшылардың, олардың жаттықтырушыларының төлемдерінің артуы өмір сүру жағдайларын жақсартады, кәсіби деңгейде спортпен шұғылдануға одан әрі ынталандырады. Бұрын ай сайынғы төлемді ұлттық құрамаға кірген 84 спортшы ғана алды. Қазір олардың саны екі еседен астам өсті», - дейді елорда әкімі.







Қала басшысы спорт – иммунитет пен денсаулықты нығайтуға мүмкіндік беретін өмір салты екенін еске салды.

«Біз үшін қала тұрғындарын жас кезінен бұқаралық спортқа тарту маңызды. Ол үшін қоғамдық кеңістіктер (саябақтар, скверлер, бульварлар), аулалар саламыз, спорттық мекемелер желісін кеңейтеміз, веложолдар саламыз және т. б. Мемлекет басшысы халық арасында бұқаралық спортты дамытуға және белсенді салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше көңіл бөледі», - дейді Алтай Көлгінов.

Айта кетейік, Польшаның Кельце қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатында қазақстандықтар екі «алтын», екі «күміс» алды.


Жоғары қарай