Ауа райы
Астана -16 °С
Алматы -9 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Нұр-Cұлтанда Жануарларды қорғау жөніндегі кеңес өз жұмысын бастады

2020 жылдың 24 қараша 2020 15:25

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Cұлтанда Жануарларды қорғау жөніндегі қоғамдық кеңес өз жұмысын бастады. Қалалық әкімдіктің жанынан құрылған кеңеске жануарларды қорғау ұйымдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен ветеринарлар кірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кеңес мүшелерінің бірінші жиналысына қала әкімі орынбасары Нұрлан Солтамбеков төрағалық етіп, онда мектеп бағдарламасына жануарларға қамқорлық танытуды насихаттайтын «Мейірімділік сабақтарын» ұйымдастыру, жануарларды кастрациялау және зарарсыздандыру, иттер мен мысықтарға арналған баспананы сенімгерлік басқаруға беру және ақпараттандыру жұмыстарын күшейту мәселелері қаралды.

Шара барысында жануарлар құқығын қорғаушылар, ветеринария қызметкерлері, ауыл шаруашылығы университеттерінің оқытушылары және тәжірибелі ветеринарлар өз ұсыныстарын ортаға салды.

«Азаматтар жануарларды қорғауға, оларға мейірімділікпен қарауға бала күнінен үйренуі керек. Біз өткен жылы мектептердегі ашық сабақтарға қатысып, жануарлар туралы пайдалы ақпарат берді, иттермен қалай қарым-қатынас жасау керектігін көрсеттік. Бұл, балаларға ұнады. Алдағы уақытта осындай сабақтар ашық сабақтар негізінде емес, мектеп бағдарламасына енсе екен дейміз», - деді «INUCOBO» жануарларды қорғау қауымдастығының президенті Лилия Сарсенова.

Мұнымен қоса, отырыста қаңғыбас иттер мен мысықтар санының көбеюі сөз болды. Мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің айтуынша, бұған өз жануарларына жауапсыздық танытып, оларды көшеде қалдырып кететін азаматтар себепші. Бұл мәселенің алдын орау үшін қалада 2017 жылдан бері зарарсыздандыру шаралары жүргізілуде.
«Елордада зарарсыздандыру бойынша 2018 жылы – 500 жануар, 2019 жылы – 1800 жануар, ал 2021 жылы 2500 ит пен 1500 мысықты зарарсыздандыру жоспарланып отыр», - деп қосты Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшы орынбасары Айдын Молдағалиев.

Отырыс нәтижесі бойынша, алдағы уақытта халық ішінде жануарларға жауапкершілік танытуға қатысты ақпараттандыру жұмыстары күшейтіліп, «үй жануарларының идентификациясы» бойынша деректер базасын одан әрi жүргiзу мен онда анықталған кемшiлiктердi жою жұмыстары атқарылатын болады.
Айта кетейік, Кеңес мүшелері мұндай отырысты айына бір рет ұйымдастырмақ.


Басты сөздер: Нұр-Сұлтан, Көкпар,
Жоғары қарай