Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Новосібірдің бұрынғы вице-губернаторы Әлихан Бөкейханов туралы кітап жазды

2021 жылдың 30 қазан 2021 14:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада ресейлік тарихшы-ғалым, Новосібір облысының бұрынғы вице-губернаторы Виктор Козодойдың «Әлихан Бөкейханов. Дәуір адамы» («Алихан Букейханов. Человек-эпоха») атты кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлихан Бөкейханов туралы кітап жазуды 2019 жылы бастадым. Биыл туындыны аяқтап жуырда Новосібірде таныстырылымы өтті. Атауына қатысты ұзақ ойландым. Себебі Әлихан тарихи тұлға, сондықтан оған қатысты еңбектің атауы аса маңызды. Жалпы бұл кітап Ресей жұртшылығы мен оның ғылыми қауымына арналып жазылды. Қазақстан көрші, дос ел болғанымен оған қатысты көпшілік біле бермейтін тарихи оқиғалар көп. Мысалы, көне Рим, Грекия немесе Англия туралы тарихтан жақсы білеміз, ал көрші отырып Қазақстанға қатысты кейбір жайттардан хабарымыз болмай жатады. Осы орайда аталған туынды қазақ халқына жасаған сыйым десе де болады», - деді Виктор Козодой кітаптың тұсаукесер рәсімінде.




Автор Әлихан Бөкейханов туралы кітап жазуда Қазақстан мен Ресейдің 10 қаласының 12 архивімен жұмыс істепті.

«Мен бұған дейін Сібір тарихын зерттегем. Оның ішінде азамат соғысы мен төңкеріс кезіндегі Сібірді. Сонда байқағаным, 1920 жылы Қазақ-қырғыз автономиясы құрылған. Осы тұста менде қиын-қыстау заманда қазақтарға өз алдына автономиялы ел болу қалай бұйырды деген сұрақ туындады. Әрине, бұл жерде Әлихан Бөкейхановтың рөлі зор. Әйтпесе, сол кезде Ресей империясының құрамында жүздеген халық өмір сүрді. Солардың ішінде Қазақстан ғана автономиялы ел бола алды», - дейді ол.




Оның айтуынша, жаңа туындыда Әлихан Бөкейхановтың өмірі мен саяси қызметіне қатысты тың архивтік деректер жарияланып отыр.

Одан бөлек, тарихшы жерлесіміз туралы кітап жазуына Ресейде Әлихан Бөкейханов туралы еңбектің жоқтығы себеп болғанын айтты.

Елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен айтулы шараға тарихшылар, зиялы қауым өкілдері және студенттер қатысты.















Жоғары қарай