Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 376.72
EUR 408.67
RUB 5.76
CNY 53.68

Норвегияда жерленген қазақстандық жауынгерлердің есімдері жарияланды

2020 жылдың 22 қаңтар 2020 11:32

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның Ослодағы Елшілігі Норвегия аумағында 1941-1945 жылдары жерленген қазақстандық жауынгерлердің тізімін жариялауды бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанның Норвегия Корольдігіндегі Елшілігінің мәліметінше, екінші дүниежүзілік соғыс жылдары оккупацияланған Норвегия аумағындағы концлагерлерде 100 000 жуық совет әскері тұтқын болды. Олардың 15 500 жуығы абақтыда қаза тапты. Оккупациялық билік қаза болғандарды негізінен лагерлердің жанында көмген.

Қазіргі ең ірі әскери зират елдің батысындағы Тьётта аралында орналасқан. Ол өз кезегінде екі көпшілік зираттан тұрады. Біріншісі – Әскери кеңестік зират (Tjøtta sovjetiske krigskirkegård). Мұнда 8 000 жуық кеңестік азамат жерленген. Олардың сүйектері 1952 жылғы «Асфальт» операциясы аясында Норвегияның түкпір-түкпірінен әкелінген. Екінші зиратта немістің «Ригель» кемесінің күйреуі кезінде қаза болған 2500 адамның сүйегі жерленген. Олардың басым көпшілігі кеңестікк әскери тұтқындар.

Соңғы жылдары Норвегияда фашистік шетелдік концлагерлерде қаза болған шетелдік әскери және азаматтық тұлғаларды анықтау бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары айтарлықтай жанданды. Зерттеулерді Фалстад Орталығы (Falstad Center, елдің солтүстігіндегі ірі лагердің атымен аталған) жүргізеді. Қазіргі кезде ашық цифрлық базада (www.krigsgraver.no) шетелдік әскери тұтқындардың 9 000 астам есімдері бар.

«Көптеген әскери тұтқындар бойынша ақпарат тек солдаттың аты-жөні мен келген елімен ғана («Кеңес Одағы») шектелген. Яғни қосымша іздестіру жұмыстарды талап етеді. Қазіргі кезде Қазақстанның Норвегиядағы Елшілігі ықтималдығы жоғары қазақстандық болып табылатын 44 кеңестік жауынгердің есімдерін анықтады. Олардың құжаттарында тегі «Қазақстан», «Қазақ КСР» немесе қазақстандық қалалар («Семей», «Жетіқара», «Талғар», т.б.) көрсетілген. Басым көпшілігі қазақстандық «Мемориал» базасында хабарсыз кеткен ретінде тіркелген немесе мүлдем көрсетілмеген.

Сондай-ақ, жаунгерлер туралы мәліметтің толық емес болуы және құжаттардағы қате жазылумен байланысты қиындықтар едәуір», - деп атап өтеді ведомстводан.

Елшілік тізімдерді хабарсыз кеткен жауынгерлердің туған-туысқандарына жәрдем ретінде және келешек зерттеу мен іздеулер үшін жариялау маңызды деп санайды. Тізімде қазіргі уақытта қолжетімді Фалстад Орталығы, қазақстандық және ресейлік «Мемориал» базаларының ақпараты жинақталған. Мәліметтер мен орфография құжаттарда жазылғандай орыс және норвег тілдерінде берілген.

Анықталған 44 қазақстандық жаунгер үш әскери зиратта жерленген – Тьётта аралында (37 жаунгер), Лиллехаммердің маңындағы Йорстадмоен ауылында (5) және елдің батысындағы Виньеёра ауылында (2). Олар Қазақстанның түкпір-түкпірінен шыққан азаматтар.

Мұнан бұрын, Елшілік 1944 жылы қазан-қарашада Петсамо-Киркенес операциясында Норвегияның солтүстігін азат ету кезінде қаза болған 65 қазақстандық жауынгердің тізімін анықтап, жариялаған болатын.

Қазақстандық жауынгерлер есімімен мына жерден таныс болуға болады.


Жоғары қарай