Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мұзтау шыңына жол бастайды: ШҚО-лық альпинист тау туризмін дамытып жүр

2021 жылдың 9 қазан 2021 11:40

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Альпинист Вячеслав Орлов Шығыс Қазақстан облысында тау туризмін дамытуға атсалысуда. Алыстан мұнартқан ақбас шыңды Алтайдың ең биік нүктесі – Мұзтауға шығуға ниет білдіргендерге жол бастап, бағдар болып жүр. ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген ол осы бір саланың қиындықтары мен ерекшеліктері жайлы айтып берді.

- Альпинизммен шұғылданып жүргеніңізге қанша уақыт болды?

- Спорттың осы түрімен айналысып келе жатқаныма 15 жылдан асты. Шыңға өрмелеу мен альпинизмнен спорт шеберлігіне үміткермін және альпинизм бойынша ІІІ санатты нұсқаушымын. Негізінен IT колледжде аэродромдық жол құрылысы мамандығын тәмәмдадым. Жоғары оқу орнында да сол салаға қатысты білім алдық. Алайда бәрібір жан дүнием альпинизмге тартты да тұрды. Сөйтіп, өмір жолымды соған арнауға бел шештім.

2010 жылы «Ирбис» альпинизм мен шыңға өрмелеу жасөспірімдер спорт клубында жаттықтырушы болып жұмысқа орналастым. Рахман қайнарларына туристерге гид болып та ақша тауып жүрдік. Әкем Катонқарағай ауданының тумасы болғандықтан тұмса табиғаты бар өлкені бес саусағымдай білемін.

Бірде Қырғызстанға жол түсіп, сондағы бір компанияның халықты биіктігі 7 мың метрден асатын Ленин шыңына шығаратынын көрдім. Көкейімде «неге өз елімізде де туризмнің бұл түрін дамытпасқа? Бізде аспанмен астасқан таулар, екпіндей аққан сарқырамалар аз емес. Керек десеңіз, менмұндалап Мұзтау шыңы тұр!» деген ой келді. Ал соған елді тартып, туризмнің туын тіктеп жүргендер жоқтың қасы. Міне, осылайша жүйелі жоспар құрып, ойымды іске асыруға кірістім.




Барлығын халықаралық деңгейде ұйымдастыруға тырыстық. Себебі еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелден де келетіндер болуы мүмкін. Алтай тауының ең биік нүктесі – Мұзтау шыңын бағындыруды мақсат еткен адам кез келген ауа райында жайлы демалатын шатырлы лагерь болуы тиіс. Оның бәріне қаражат керек. Сөйтіп, «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы 3 миллион теңге грант ұтып, қажетті заттарды сатып алдық. Бір өкініштісі, сол кезде ұлттық паркте сапалы дәретхана болған жоқ. Сондықтан лагерімізде дәретхана жасауға тура келді.


- Өңірде тау туризмінің беталысы қалай? Даму бар ма?

- Мәселен, бірнеше жыл бұрын Мұзтау шыңына Ресей жақтан жазда 2 мыңнан астам адам шықса, бізде бұл көрсеткіш нөл еді. Қазір даму байқалады. Өткен жылы айына екі топпен шыңға көтеріліп отырсақ, биыл 3 топты апарып жүрміз. Бір топта – 4 адамнан. Олардың алдында екі нұсқаушы жүріп отырады. Келешекте басқа да жоспарларымыз көп.

Тау туризміне қызығушыларға бірден «біршама шығындалуыңызға тура келеді» деп ескертеміз. Себебі арнайы киім, түрлі заттар мен жабдықтар қажет болады. Туризмнің бұл түрінің негізгі маусымы шілде-тамыз айлары. Жалпы Мұзтауға көтерілу 10 күнге созылады.





- Мұзтау шыңын бағындырған ең егде және ең жас туристің жастары нешеде?

- Көбінесе орта жастағы адамдар келіп жатады. Ал ең егде тартқаны 63-те болды. Ондай жаста 4506 метрді бағындыру оңай емес. Бірақ сонда да ол кісі басқалармен қатар жүріп шыңға көтерілді. Бұрындары спортпен айналысқаны бірден байқалды. Ал ең жасы – 18-де.


- Биік тауға бет алғандардың арасында жарты жолда ниетінен бас тартқандар кездесті ме?

- Ондай жағдай болмады. Бірақ басы айналып, жүрегі айнып, әлсірегендер кездеседі ғой. Бұл – әсіресе осындай биіктікке алғаш рет шығып тұрғандар. Сондай сәттерде тынықтырып, ақыл-кеңестерімізді айтамыз. Биікке көтерілген сайын сұйықтықты көбірек ішкен дұрыс. Қанша шаршасаңда бойыңды үйрету үшін қимылдау керек. Ал ең биік шыңға шыққанда ұзақ бөгелмеуге тырысамыз. Айналаны бір шолып, суретке түсеміз де қайта төменге беттейміз.

- Екі апта бұрын Ресейдегі Эльбрус шыңына шықпақ болған 5 альпинист көз жұмды. Елімізде осындай қайғылы жағдайлар орын алмас үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

- Ең әуелі осындай биік шыңдарға альпинистерді, туристерді шығарумен кәсіби мамандар айналысуы тиіс. Сапар кезінде азаматтардың бірі өз шамасының жетпейтіндігін, денсаулығының сыр бере бастағанын сезсе, бірден бәрін тоқтату керек. Тәуекелге бел буып, біреуге қауіп төндіру қажет емес. Одан кейін ауа райына жіті мән берген дұрыс. Туристер де нұсқаушының әр сөзін екі етпей тыңдау керек.





- Әңгімеңізге көп рахмет!


Жоғары қарай