Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Мұнай-газ саласында тауарларды сатып алу негізгі 3 операторға тиесілі

2022 жылдың 13 мамыр 2022 14:56

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде мұнай-газ саласында тауарларды сатып алудың басым бөлігін үш оператор іске асырып келеді. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздің мұнай-газ саласындағы атқарылатын жұмыстар мен қызметтерге қаражат бөлудің, сондай-ақ тауарларды сатып алудың 75 пайыз көлемі үш ірі операторға, яғни Теңізшевройл, Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В және «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В-ға тиесілі. Аталған операторлардың қазақстандық жобаларды іске асыруы мұнай-газ жабдықтарына жоғары сұранысты көрсетіп отыр. Осыған байланысты Энергетика министрлігі аталған үш ірі операторда жергілікті қамту үлесін, оның ішінде машина жасау өнімдері сегментін ұлғайту мәселелеріне ерекше назар аударады», - деді Б. Ақшолақов елордада мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған форумда.

Осы орайда ол соңғы екі жылда пандемия мен жаһандық экономикадағы мәселелер аясында отандық машина жасаушылар күрделі жағдайға тап болғанын айтты.

«2021 жылы ТШО, НКОК және ҚПО операторлары атқарылған жұмыстар мен қызметтерге қаражат бөлу бағытында, сондай-ақ тауарларды сатып алу бойынша 3,5 трлн теңге игерді. Оның ішінде жергілікті қамту үлесі 2 трлн теңгеге жуық қаржыны немесе 54 пайызды құрады. Өткен жылы үш ірі оператордың тауар сатып алуының жалпы көлемі 310 млрд теңгеге жетті. Бұл тұрғыда қазақстандық қамту үлесі тек 9 пайыз шамасында болды», - министр.

Оның пайымынша, осы ахуалды өзгерту үшін барлық мүдделі тарап, соның арасында кен орындарының операторлары мен отандық машина жасаушылар және бизнес-қоғамдастық тиісті қадамдарды жасауы керек.


Жоғары қарай