Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 28 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Минскіде Астана хабы платформасында мемқызметті дамыту трендтері талқыланды

2019 жылдың 28 қазан 2019 20:04

МИНСК. ҚазАқпарат - Минск қаласында Беларусь Республикасы Президенті жанындағы Басқару академиясы Астана хабы және Еуропа Кеңесімен бірлесіп ұйымдастырған «Мемлекеттік қызмет: қазіргі жағдайы және даму келешегі» халықаралық конференциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиырма елден келген қатысушылар Хабтың панельдік сессиясында Еуропа мен Азиядағы үкіметтердің цифрлық трансформациясы және мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру, сондай-ақ мемлекеттік қызмет институттары дамуы туралы пікір бөлісіп, тәжірибе алмасты.

Конференцияның ашылуында Беларусь Басқару академиясының ректоры Геннадий Палчик құттықтау сөз сөйлеп, аймақтағы мемлекеттік қызметті дамыту үшін осындай платформаның маңыздылығын атап өтті.

Астана хабының басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов үкіметтер тиімділігінің шешуші факторы - мемлекеттік қызмет көрсету сапасы, сондықтан оны жетілдіру барлық елдер үкіметтерінің күн тәртібінде тұрғанын атап өтті. Байменов мемлекеттердің даму ерекшеліктерін ескермей, қолданатын әмбебап модельдің жоқ екенін айтты. Дегенмен, үкіметтер шешім қабылдауда жаһандық үдерістер мен мемлекеттер, соның ішінде Астана хабына қатысушы елдер тәжірибесін ескеретінін жеткізді.




Хаб сессиясы барысында әр елден келген қатысушылар тәжірибе алмасуға, аймақтағы мемлекеттік қызметті дамыту перспективаларын талқылауға және озық тәжірибелермен танысуға мүмкіндік алды.

Польша мемлекеттік қызметі жетекшісі Доброслав Довят-Урбанский мемлекеттік басқару жүйесіндегі заңнамалық процесті ұйымдастыру жайын баяндап, ашық консультация жүргізетін, сондай-ақ сарапшылар пікірін айқындаумен айналысатын қызметтер ерекше орын алатындығын атап өтті.

Украинаның мемлекеттік қызмет жөніндегі Ұлттық агенттігі басшысының орынбасары Андрей Заболотный өз елін мысалға келтіре отырып, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі үкіметтің табысты бастамаларына тоқталып, жаңа заманауи сынақтар жайында сөз қозғады. Еңбекақы жүйесі туралы Беларусь Еңбек және Әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Андрей Лобович өз ойын ортаға салса, Хабтың Консультативтік Кеңес мүшесі Панос Ливеракос осы бағытта аймақ мемлекеттері бойынша салыстырмалы шолу жасады.

Бельгияның мемлекеттік қызметшілерді олардың біліктілігін бағалау негізінде іріктеу тәжірибесімен Бельгия Корольдігінің Федералды мемлекеттік қызметінің (BOSA) қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Кетлин Вермейра таныстырды. Электрондық үкімет және электрондық қоғам тақырыбы Эстонияның электрондық үкімет саласындағы жетекші сарапшысы Вирго Риасаппидің баяндамасында қозғалды.

Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Қазақстан және Қырғызстан өкілетті мемлекеттік органдар өкілдері мен сарапшылары мемлекеттік қызмет саласын дамыту туралы өз тәжірибелерімен бөлісті.

Конференцияға мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың басшылары мен өкілдері, Еуропа мен Азияның 20 елінен сарапшылар мен ғалымдар қатысты, олардың 11-і - Астана хабының қатысушы елдері.

Басты сөздер: Экономика, Беларусь,
Жоғары қарай