Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 19 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Министр минералды тыңайтқыштар аз себілетін өңірлерді атады

2020 жылдың 26 мамыр 2020 09:46

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров елімізде қандай көлемде минералды тыңайтқыштар қажет екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін жоғарлауына әсер ететін факторлардың бірі - минералды тыңайтқыштарды ғылыми ұсыныстарға сәйкес енгізу. Бірақ, бүгінде 2,5 млн тонна қажеттілік кезінде республикада шамамен 500 мың тонна минералдық тыңайтқыштар енгізіледі. Тыңайтқыштарды енгізу көлемін ұлғайту мақсатында 2020 жылы 26,2 млрд теңге сомасында субсидия қарастырылған. Бұл ретте биыл республикалық бюджеттен бөлінген 23,3 млрд теңгеге қоса 2,8 млрд теңге қосымша қаражат бөлінді, бұл шамамен 522 мың тонна минералды тыңайтқыштарды сатып алуды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Осы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 120 мың тоннаға артық», - деді С. Омаров Үкімет отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, 26 мамырдағы жағдай бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 395 мың тонна тыңайтқыш (жоспардың 76%-ы) жеткізілді, өңірлердегі сақтау қоймаларында қосымша шамамен 31,8 мың тонна тыңайтқыш бар. Бұл бағыт бойынша жұмыс жалғасатын болады.

«Тыңайтқыштарды енгізудің жоспарға сай серпіні Қызылорда облысында байқалады, онда енгізілетін минералды тыңайтқыштардың көлемі ғылыми негізделген норманың 93 пайызын құрады. Ал Солтүстік Қазақстанда облысында бұл көрсеткіш

36 пайызды және Түркістан облысында 27 пайызды қамтымақ. Басқа облыстарда тыңайтқыш пайдаланудың төмен деңгейі байқалады, осыған байланысты барлық облыс әкімдіктеріне осы жағдайға ерекше көңіл бөлуді және жоғары өнім алу үшін тыңайтқыштарды сатып алу көлемін арттыруды ұсынамыз. 2018 жылы тыңайтқыштарға субсидия алу үшін агрохимиялық картограммалардың болуы туралы талап енгізілген болатын.Шаруалар тарапынан түскен көптеген өтініштер есепке алынып, бұл талап 2021 жылға дейін кейінге қалдырылды. Біз шаруалардың дайындалуы үшін және топырақтың нақты агрохимиялық жай-күйін ескере отырып тыңайтқыштар қажет болған жерде ғана енгізілуі үшін уақыт (2 жыл) бердік», - деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, осы уақыт ішінде топыраққа агрохимиялық талдау жүргізу бойынша қызмет көрсететін, қазіргі заманғы жоғары технологиялық жабдықтары бар жаңа аккредиттелген зертханалар ашылды.

«Зерттеу жүргізу үшін уақыт жеткілікті болды, осыған байланысты облыстар әкімдіктері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында 2021 жылы және одан кейінгі жылдары субсидия алу үшін топырақты агрохимиялық зерттеп-қарау қажеттігі туралы тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет», - деп түсіндірді министр.

Бұдан бөлек, жергілікті облыстар бюджеттерінде пестицидтерді субсидиялауға 2020 жылға 37 млрд теңге көзделген, бұл шамамен 16,6 млн литр пестицидті субсидиялауға мүмкіндік береді. Алғашқы рет гербицидтер ғана емес, сонымен қатар фунгицидтер мен инсектицидтер де субсидияланатын болады. Жалпы, бұл егістіктің фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


Жоғары қарай