Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Министр Біржан Нұрымбетов Шымкенттегі мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесті

2019 жылдың 24 қазан 2019 17:52

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Бүгін үкіметтік жұмыс тобының құрамында Шымкентке келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мегаполистегі мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сарап барысында Біржан Нұрымбетов «Шапағат» мүгедектерге арналған оңалту орталығының ашылу салтанатына қатысты. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қазіргі мәселелерімен танысып, сұрақтарына жауаптар берді. Шешімін табуы тиіс мәселелерін тыңдады.

«Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жұмыс Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің маңызды басымдығы болып табылады. 2019 жылдың тоғыз айында мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 198,1 млрд теңге бағытталды. Ағымдағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша, төлемақыны алушылар саны 521 мың 153 адамды құрайды. Жәрдемақының орташа мөлшері – 42 496 теңге. Осы жылдың 1 шілдесінен бастап мүгедектігі бар балаларды және бала жасынан бірінші топтағы 18 жастан асқан адамдарды күту бойынша мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері артты. Оның көлемі 41 578 теңгені құрайды. Бүгінгі күні жәрдемақының бірінші түрін 27 млрд теңге сомасында - 84,7 мың адам, екінші түрін 4,3 млрд теңге сомасында 13,5 мың адам алды», – деді министр.

Біржан Нұрымбетов сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің бір бағыты жартылай стационар және үйде күтім жасау жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету болып табылатынын атап өтті. 2019 жылы бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 1,2 млрд теңге көзделген. Бүгінгі күні мұндай қызметтер 4 мыңнан астам азаматқа көрсетілді.

«Әлеуметтік төлемдермен және арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсетумен қатар мүгедектердің ерекше қажеттіліктеріне де көп көңіл бөлінеді. Біздің министрлік организм функциясының орнын толтыру мақсатында мүгедектігі бар адамдарға берілетін техникалық құралдар мен арнайы қозғалыс құралдарының тізбесін өзектендірді. Соңғы үш жылдың ішінде ол 32-ден 55 өнімге дейін кеңейтілді», - деп толықтырды ол.

Айта кетейік, қалалық әкімдікке қарасты коммуналдық мемлекеттік мекеме психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан мүгедектерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету мақсатында ашылып отыр. Жоспарлы 70 орынға лайықталған орталық тәуліктің күндізгі уақытында ұзақ немесе уақытша (6 айға дейінгі мерзімге) болуға арналған. Мұнда жарымжан жандарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.

Кейін ведомство басшысы «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС мұнай өңдеу зауытының еңбек ұжымымен кездесіп, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бойынша білім беру қызметтерін көрсететін «Әлем білім орталығы» ЖШС-да болды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Шымкентке Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған үкіметтік жұмыс тобы келді. Үкіметтік делегацияның құрамында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин бар.

Сапардың басты мақсаты – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының басымдықты бағыттарын түсіндіру.
















Жоғары қарай