Ауа райы
Астана 10 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мешіттерде жұма намазы уақытша оқылмайды

2020 жылдың 16 наурыз 2020 21:53

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төтенше жағдайда мешітте жұма және бес уақыт намаз оқуға қатысты пәтуа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ислам діні кейбір ғибадаттарды қауіпті жағдайларда уақытша тоқтатуға рұқсат береді. Мысалы, адамның өміріне, денсаулығына, мал-мүлкіне, бала-шағасы мен отбасы мүшелеріне әлдебір залал тиетін болса, шариғатымыз оның мешітке келіп, бес уақыт намазды жамағатпен оқуын, тіпті жұма намазға қатысуын міндеттемейді», - делінген діни басқарма ақпаратында.

Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі елімізде жарияланған төтенше жағдайды ескере келе, коронавирустың жамағат арасында таралуының алдын алу шарасына қатысты мынадай мәлімдеме жасады.

Біріншіден, мемлекет тарапынан елде төтенше жағдай жариялануына және індеттің таралу қаупі жоғары болуына байланысты мешіттерде жұма намазы уақытша оқылмайды. Әркім өз үйінде жұма намаздың орнына бесін намазын өтейді.

Екіншіден, мешіттер жабылмайды, бес уақыт намазға азан шақырылады, алайда бес уақыт намаз мешітте жамағатпен оқылмайды.

Үшіншіден, мешіт жанындағы асханаларда өтетін құдайы ас, садақалар (жетісі, қырқы, жылы т.б. дәстүрлі кәделер) уақытша тоқтатылады.

Төртіншіден, жаназа намазын тек жақын туыстарымен, яғни аз топпен өткізген дұрыс.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылман қауымын сабыр сақтауға, орынсыз үрейленбеуге, халықты дүрліктірмеуге және Алла Тағалаға дұға етуге шақырады.


Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Дін, Коронавирус,
Жоғары қарай