Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мемлекеттік қызметшілердің ZOOM буыны қалыптасуда – халықаралық конференция

2021 жылдың 29 маусым 2021 10:01

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астана мемлекеттік қызмет хабы Корея Республикасының Персоналды басқару министрлігі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және Қазақстанның HR қауымдастығымен бірлесіп «Электронды оқыту арқылы адами ресурстарды дамыту: елдердің тәжірибесі» атты жаһандық онлайн конференция өткізді. Бұл туралы ҚазАқпарат Астана мемлекеттік қызмет хабына сілтеме жасап хабарлайды.

Конференция жұмысына Еуропа, Азия және Американың 20 елінен 200 сарапшылар, мемлекеттік қызметшілер мен ғалымдар қатысқан. Корея Республикасының Персоналды басқару министрі Ким Ву Ху өзінің құттықтау сөзінде оқыту әлемнің барлық елдерінде мемлекеттік қызметшілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, ақпараттық қоғамға көшу үрдістеріне сәйкес Кореяда электронды оқытуды белсенді енгізу 2000 жылдары басталды. 2017 жылдан бастап барлық оқу бағдарламалары Үкіметтің электронды оқыту платформасына біріктірілген. Адами ресурстардың жаңа буынын дамыту мақсатында 2020 жылдан бастап электронды оқытуда жасанды интеллект технологиялары қолданылуда және open smart platform әзірленуде. Бұл ретте Ким Ву Ху мырза «жылына үш жүз алпыс күн бойы дербес электронды оқыту жүйесі кез-келген жерде, кез-келген уақытта» деген ұстаным барын атап өтті.

Ал ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанованың айтуынша, Қазақстанның мемлекеттік қызметі пандемиямен байланысты дағдарыстың сын-қатерлерін жедел жеңе отырып, өзінің тиімділігі мен жұмыс және оқу процестерінің электронды форматтарына бейімделу қабілетін дәлелдеген. «Электронды оқыту, онлайн оқыту форматы өткізілетін семинарлардың географиясын кеңейтуге мүмкіндік берді. Бұл ретте БҰҰ Даму Бағдарламасы мен Астана мемлекеттік қызмет хабының мемлекеттік қызметшілердің цифрлық дағдыларын дамыту үшін оқытуды ұйымдастырудағы рөлі маңызды», - деді ол.

Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов өз сөзінде пандемия салдарынан пайда болған жаңа ахуал қазіргі заманғы технологиялардың маңыздылығын айтарлықтай арттыра отырып, оларды қолдануды кеңейтті деді. «Сонымен бірге бүкіл әлемдегі мемлекеттік қызметшілер жұмыстың жаңа әдістерін меңгеруде. Тіпті мемлекеттік қызметшілердің «ZOOM» буыны қалыптасуда деп айтуға болады. Бұл өзгерістер жаңа сын-қатерлер туғызуда, сонымен бірге HR менеджмент үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда. Осы ретте е-learning оқытудың маңыздылғы да артып отыр»-деді Байменов. Осыған байланысты ол Хабтың серіктестеріне және бірқатар елдердің үкіметтеріне ашықтығы, өз білімдері мен тәжірибесін басқа елдермен бөлісуге әзірлігі үшін алғыс айтты.

Конференция барысында Корея Республикасы, Қазақстан, Украина, Өзбекстан және Эстонияның Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органдарының өкілдері мен сарапшылары өз елдерінде электрондық оқыту платформаларын құру және дамыту тәжірибесімен бөлісіп, осы бағыттағы жаңалықтар туралы әңгімеледі. Спикерлер электронды оқытудың мазмұны, формалары, әдістерінің әртүрлілігіне және ұзақтығына ерекше назар аударылатыны туралы айтты. Соңғы уақытта «micro-learning», яғни ұзақтығы 10-15 минуттық бейнесабақтар кең тарауда. Бұл ретте электронды оқытудың қауіпсіздігі мен тұрақтылығы басым бағыт екені де айтылды. Жалпы жетекші елдер тәжірибесі конференцияға қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Себебі Covid-19 жағдайында бүкіл әлемде мемлекеттік қызметтің әлеуетін арттыруда электрондық оқытудың маңызы айтарлықтай өсті. Спикерлер, сондай-ақ, Астана мемлекеттік қызмет хабының озық тәжірибелерді ілгерілетудегі, қатысушы елдер, әріптестер және сарапшылар қауымдастығы арасында тәжірибе алмасудағы рөлін ерекше атап өтті.


Жоғары қарай