Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы қай деңгейде

2020 жылдың 23 маусым 2020 16:34

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде мемлекеттік қызметшілер кәсіби мерекесін атап өтуде. Мемлекеттік органдарға өз функцияларын сапалы орындау, тиімді қызмет көрсету, мемлекеттік даму бағдарламаларын жүзеге асыру және басқа да маңызды міндеттер жүктелген. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова Covid-19 пандемиясының жағдайында, мемлекеттік қызметшілерге халық өмірінің барлық салаларының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін үлкен жауапкершілік жүктелгенін атап өтті.

«Осы қиын кезеңде сіздердің күнделікті жүйелі және үйлесімді қызметтеріңіздің арқасында мемлекеттік аппараттың толыққанды жұмыс істеуі қамтамасыз етілуде. Сіздердің күш-жігерлеріңіз алдағы уақытта да Қазақстанның мемлекеттілігін дамытуға, демократияны, елдің экономикалық дамуын және халықтың әл-ауқатының өсуін қамтамасыз етуге бағытталатынына сенемін. Сіздерге елдің игілігі жолында атқарып жатқан қызметтеріңіз үшін алғыс білдіремін!», - деді агенттік басшысы мемлекеттік қызметшілерге арнаған құттықтауында.

Атап айтқанда, бүгінде мемлекеттік қызметте 89 мың адам жұмыс істейді, оның 42 мыңнан астамы өңірлерде еңбек етуде. Барлық мемлекеттік қызметкерлердің жартысынан астамы – әйелдер.

«Жылдан жылға жастардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығы артып келеді. Бүгінде елімізде 20 мыңнан астам жас мемлекеттік қызметкерлер бар, оның ішінде 1500-ден астамы түрлі басшылық лауазымдарда жұмыс істейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастарды мемлекеттік қызметке тарту мәселелеріне ерекше көңіл бөлуде. Өткен жылы Агенттік Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырған ауқымды жобалардың бірі Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру болды. Қазақстанда алғаш рет өткізілген іріктеу форматы еліміздің барлық өңірлерінен және одан тыс жерлердегі жас азаматтардың едәуір бөлігін тартты. Жас, білікті және жігерлі басқарушылар пулы құрылды. Бүгінгі күні 142 резервші мемлекеттік қызмет және квазимемлекеттік секторда жауапты қызметтерде жұмыс істейді», - деді А. Жайылғанова.

Шынымен де, мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру жүйесі қызметшілерді кәсібилендірудің ажырамас бөлігі болып саналады. Жыл сайын 24 мыңға жуық мемлекеттік қызметші біліктілігін арттыру мен қайта даярлаудан өтеді. Осы орайда мемлекеттік қызметшілердің сапалық құрамы арттырылды, меритократия және кадрлық тұрақтылық қағидатын сақтау көрсеткіштері жақсарды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша шетелдік білімі бар мемлекеттік қызметшілердің үлесі 15 пайызға өсті (2 790 адамды қамтыды).

«Өткен жылы ішкі конкурстардың нәтижелері бойынша 7 мыңнан астам мемлекеттік қызметші мансаптық тұрғыда ілгеріледі, бұл ішкі конкурстардың қорытындылары бойынша тағайындалғандардың жалпы санынан 55 пайызды. Мемлекеттік қызметшінің жұмысы адамнан білімділікті, жан-жақтылықты, жауапкершілік пен төзімділікті қажет етеді. Халыққа қызмет ету – құрметті мамандық. Сіздердің әрқайсыларыңыз елді дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды және ауқымды реформалады жүзеге асыруға елеулі үлес қосып келесіздер», - деді Анар Жайылғанова.

Мемқызметте әйелдердің үлесі 56 пайыз

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ресми өкілі Ерхан Таткеннің атап өтуінше, мемлекеттік қызметте 89 мың адам жұмыс істейді. Осы орайда мемқызметшілердің орташа жасы 39 жас шамасында екен.

ЭЫДҰ сарапшыларының пікіріне қарағанда, Қазақстан көптеген озық елдермен салыстырғанда жасқа байланысты топтар тең ұсынылғандықтан, адами капиталдың «қартаюы» сияқты проблемаларға кезікпеді.

«Мемлекеттік қызметкерлер арасындағы әйелдердің үлесі 56 пайыз. Мемлекеттік органдардағы басшылық лауазымдардың жалпы санынан олар 40 пайызды құрады», - деді ресми өкіл.

Жалпы, бұған дейін Қазақстандағы мемқызметшілердің арасында кадрлардың тұрақтамауы тақырыбы көп қозғалатын. Осы орайда агенттік тарапынан бұл мәселені шешу үшін тиісті қадамдар жасалды. Бұл тұрғыда соңғы бірнеше жылда кадрлардың кетуінің индикаторы 6 пайыз шамасында және біртіндеп азаю үрдісі бар. Статистика бойынша бұл көрсеткіш жылы 6,3 пайыз, 2017 жылы – 6,2 пайыз, 2018 жылы – 6,2 пайыз, 2019 жылы 6 пайыз деңгейінде болды.

Ерхан Таткеннің сөзіне қарағанда, мансаптық модельді іске асырған сәттен бастап ішкі конкурстар институты арқылы лауазымын жоғарлатқан қызметшілердің саны 5,5 есе артты (1 348-ден 7 343-ке дейін), бұл мемлекеттік аппараттың сабақтастығын қамтамасыз етті.

Қабылданған шаралар қызметте тек жеке тәжірибе мен еңбегінің нәтижесі бойынша жылжу мүмкіндігі туралы жалпы сенімді нығайтты.

2019 жылы жүргізілген тәуелсіз әлеуметтік зерттеу нәтижелеріне сәйкес, респонденттердің 74 пайызы іріктеу рәсімін объективті және транспарентті деп санайды.

Кадрлық резервке іріктеу саласына тоқталсақ, қазіргі кезде резервшілердің жалпы (300) санынан 142 резервші (47,3 %) мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордағы әр түрлі лауазымдарға орналастырылды. Резервшілер облыстардың, қалалардың әкімдері орынбасарларының, жауапты хатшылар, аудан әкімдері мен олардың орынбасарларының, басқармалардың және бөлімдердің басшыларының, бас инпекторлардың, сондай-ақ бағынысты ұйымдар мен квазимемлекеттік сектордың басшы лауазымдарына тағайындалды.



Жоғары қарай