Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Мемлекетіміздің мойындайтын елге айналуы Елбасы басшылығымен жүзеге асырылды - Сауытбек Абдрахманов

2020 жылдың 6 шілде 2020 17:20

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі Сауытбек Абдрахмановтың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметі жөніндегі мақаласын назарларыңызға ұсынамыз.

2019 жылдың мамыр айында Елбасы Кеңсесінен телефон соғылды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел басшылығына келуінің отыз жылдығына орай етек-жеңі кең мақала жазуым жөнінде ұсыныс жасалды. Әуел бетте осындай тарихи белес тұсындағы жауапты тақырыпты алып шығар авторды қарастырғанда таңдаудың дәл маған түсуіне, мұндай құрметтің дәл маған көрсетілуіне аздап таңданғаным рас. Әйтсе де, әбден ойлай келіп қарасам, мұның қисыны да бар сияқты. «Бүгінде белсенді саясатта жүргендердің арасында отыз жыл бойы үзбей Елбасы командасында келе жатқандары онша көп емес, ал солардың ішінде ол тұста Нұрсұлтан Әбішұлы басқарған аппаратта, тікелей қарамағында жұмыс істегендері тіпті саусақпен санарлықтай», деп негізделді жаңағы ұсыныс. Солай екені рас. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған кезде Идеология бөлімінде мәдениет және өнер секторының меңгерушісі едім. Кейіннен Президент Аппараты құрылғанда ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін атқардым. Ақпарат министрі, «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы ретінде Елбасымен тікелей байланысу мүмкіндігін алғаным белгілі. Соның арқасында Нұрсұлтан Әбішұлы газеттің 90 жылдығында ұжымды мерейтоймен құттықтау, редакцияның жаңа ғимаратын ашып беру үшін «Егемен Қазақстанға» арнайы келген еді. Әсіресе, 2011-2014 жылдарда Тұңғыш Президенттің сұхбат кітабын («Өмір өткелдері») әуелі газетке, кейіннен баспаға дайындау барысында Нұрсұлтан Әбішұлының алдына жүйелі түрде барудың, кейбір шетелдік сапарлары кезінде ұшақта сағаттап сөйлесудің сәті де түсті. Қысқасы, Елбасы жөнінде айтары бар қаламгерлер қатарындамын деп білемін.

көрелікші.

Кейбір оқиғалар баяу ағыспен бас­талып, бірте-бірте арынды өзенге айналып кете баратын бұлақтарға ұқсайды, олар уақыт өте келе тұтас мемлекеттер мен халықтар үшін аса маңызды мәнге ие болады. Ол оқиғалардың бойында қоғамның іргелі негіздерін қозғайтын өзгерістердің өзегі бар. Өткенге зер салып қарасақ, жағдаяттардың жарасымсыз жымдасуынан аса ауқымды қоғамдық катаклизмдер орын алып, сан ғасырлық өркениеттер мен мәдениеттердің құрдымға кеткенін көреміз. Абырой-атағын жұрт жаппай мойындап, даңқын нақты істермен тиянақтаған аса көрнекті тұлғалар ғана тарихтың барысын ырқында ұстап, оны сындарлы арнаға салып жібере алады. Мұндай мемлекеттік қайраткерлер өзінің алдындағы, қоғамның алдындағы жауапкершіліктің алапат жүгін иығына арта біледі де, асқақ мақсат-мүддесін жеріне жеткізе орындайды.

Қазақ КСР-нің жоғары басшы­лы­ғына Кеңес одағының талқаны таусылар тұсында келіп, осынау тар жол, тайғақ кешуге түскен Нұрсұл­тан Назарбаев дәл сондай көш­бас­шы болатын. 1989 жылдың 22 мау­сы­­мында Қазақ­стан Компартиясы Орта­лық ко­ми­тетінің XV пленумында Нұрсұл­тан Назарбаев республика партия ұйымының бірінші хатшысы қызметіне сайланды. Бұл шешім Ел­ба­сының білікті басшылығымен жүзеге асырылған бола­шақтағы асқара­лы асуларға бастайтын беташар сияқ­ты болғанын, олар ақыр аяғында тәуелсіз Қазақстанның дүниеге келуіне жеткізгенін содан бергі жылдар көрсетіп берді.

Тарихта есеміз кеткен ел едік. Осы­дан отыз бес жыл бұрын ғана республикамызға кадрлық эксперимент жа­­сала алатын еді, топырағымызға табаны тиіп көрмеген көлденең көк аттыны бізді басқаруға жібере салатын еді. Сол көлденең көк аттының аз уақыт арасында би­лік құруы тұсында анау айт­қандай ештеңе тындырыла қой­мады, көп ұзамай-ақ оның дәурені де өтуге айналды. Ол кә­дуіл­гі «партия солдаты» болатын, ондайлардан басқа нәрсені күте қою да қиын. Біз Орталық ко­митет аппаратында жұмыс іс­теп жүргенімізде Колбиннің ет өн­діру жоспарын киік пен жыл құстарын қырып атудың есе­бінен толтыруды ұсынғанын естіп, жағамызды ұстағанбыз. Бір пленумда аяқ астынан «Келесі жолы баяндамамды қазақ тілінде жасаймын» деп салғанында синхронды аударма жасалатын шағын кабинадағы екі жігіт бір-бірімізге тесіле қараған күйі сілейіп отырып қалғанымыз да есте.

Алайда, уақыт өзгере бастаған еді. Рефор­ма­лардың табандап тұрып алуы және басшылықтың жөнсіз жүргізілуі бара-бара көңіл толмаушылықты көбейтті, тіпті алғаш рет жаппай митингілер мен ереуілдерге шық­қан жұртшылықтың ыза-ке­гіне ұласты. Орталық пен респуб­­ликалардың арасындағы у­­шы­­ға түскен қарама-қайшы­лық­­тар да іскерлік түйінін таппа­ды. Сондықтан да 1989 жыл Ке­ңес одағы үшін егемендікке ұм­ты­лыс­тың, митингішілдіктің және ереуі­л­­шілдіктің артуының, ұлт­ара­­лық қатынастардың шие­ле­ні­суі­нің бастапқы кезеңіне ай­нал­ды, кейіннен олар аяусыз қан­төгіс пен қақтығыстарға ұласты. Осыны ақыры түсінген Орталық ендігі жерде Қазақ­станда бұрын жіберілген қате­лікті қайталамауға тырысты, республикалық партия ұйы­мы­ның басшылығына кандидатураны жергілікті кадрлардың арасынан іріктеуді жөн деп тапты.

Ол кездің өзінде-ақ Нұр­сұлтан Назарбаевтың аты рес­публикада да, одан тыс­қары жерде де ауыздан түспей тұрған бола­тын. Жұмысшы ортадан шық­қан­дықтан, өзі­­нің еңбек жолын ме­тал­лургтің «отты» маманды­ғы­­нан бас­тағандықтан да ол қара­пайым жұртшылықтың мұң-мұқтажын басқалардан гөрі сергек сезінетін. Назарбаев белсенді, білімге құштар еді, өндіріс мәселесі болса да, әлеуметтік жағдайлар болса да ештеңеге енжар қарамай­тын, қашанда қоғамдық өмірдің қай­наған ортасында жүретін.

Зияткерлік әлеуетімен, қуатты көшбасшылық қасиет­терімен қабысқан өмірлік және кәсіби тәжірибесі жаңа уақыттың рухына барынша толық сәйкес келетін кандидат тап Нұрсұлтан Назарбаев болып шықты.

Тарих дамудың сан қилы белестерінде қоғам мемлекет көшбасшысының белгілі бір түрін қатты керек ететінін көрсетеді. Қазақстанға да бәрінен қоғам мүддесін биік қоятын, ортақ іске шындап жан ауыртатын, жұртты еліктіріп, соңынан ерте алатын жаңа буын басшысы ауадай қажет еді. Әйтсе де, мұның бәрі оп-оңай болмайтын. Назарбаевтың қағи­даға қатып қалатын қа­сие­тін, талапшылдығын жақтыр­май­­тындар да, оның республика Министрлер кеңесінің төраға­лығынан әрі қарай өспегенін қалай­тындар да табылатын. Он­дайлар домалақ арыздар домалатып тастайтын, біреулер оны тексере бастайтын.

Назар­баев­тың кең танымал­дылығы, алысқа сілтейтін кең құлаштылығы жұрттың бәріне бірдей ұнай берген жоқ. Әдетте, тегеурінді тұлға дәйім озып жү­реді, сол жолда оның алдынан теріс ниетті кісілер қойған ке­дергілер шықпай қоймайды. Сол сияқты, Назарбаевтың бел­сенді қайраткерлігі де партия­ның орталық аппаратында ұйысып тұрған консерваторлар мен кертартпалардың тып-тыныш кабинетте жан тыныштықта отыра беруді қалауына немесе қатып-семген ұрандарды ұстанып алып, қызмет бабында өсуге не тиісті қасиеттері, не кәсіби тәжірибесі жоқтығына қарамастан, мансап сатыларымен жанұшыра жо­ғары жүгіруіне атымен кереғар келе­тін. Назарбаев олардың жолын анық кесіп тұратын, біті­мі бөлек болатын, үйреншікті үл­гі­лер мен қалыптардың шең­беріне сыймайтын. Осынау сан-сапалақ сұрқиялар бәле-жаланың торын шырмауықтай құрып, Назарбаевтың кандидатурасын межеге жақындатпай жатып «жалп еткізуге» жантала­сып бақты. Олар тұтастай бір науқан ұйымдастырып жібер­ді, мақсаттары біреу ғана: Назар­баевты қаралау, қадірін ке­тіру, сөйтіп сағын сындыру. Республиканың Орталық ко­ми­тетіне ағылып келіп жата­тын хаттардың арасында болма­ған­ды болғандай етіп жазу да, ашық­тан ашық жала жабу да кез­десетін. Кабинеттеріне қон­жиып алған атқарымпаздар әл­гі жалған ақпараттың қайдан ке­ліп жатқанын жақсы білетін. Назарбаевты қалайда іліп-шалып, құрықпен құлатып түсіру үшін кез келген ілікті індете іздеуді мақ­сат ететін неше түрлі комис­сиялар мен тексеру топтары бірі­нен кейін бірі құрыла беретін. Алай­да оларынан ештеңе шық­пады, әлгі комиссиялардың еш­қайс­ысы да оның өмірінен де, жұмы­сынан да тіпті кішкентай да жағымсыз фактіні немесе кір келтірер таңбаны таба алмады. Осының бәрі оның жүйкесін қан­шалықты жұқартқаны, жанын жегідей жегені айтпаса да белгілі. Назарбаев дәйім психологиялық қысымды сезінумен жүрді, оны моральдық жағынан майып ет­пек­ші болды.

Біз, сол кездегі Орталық комитет аппаратының қызметкерлері, Нұрсұлтан Әбішұлының қандай қиын жағдайда екенін түсіндік те, сезіндік те, оған жанымыз шын­­дап ашитын. Республиканың бі­рін­­ші басшысы қызметіне тек Назар­баевтың ғана нағыз ла­йық­ты екендігі айдан анық болатын. Абырой бергенде, ол нағыз кү­рес­кер­лік қасиетін, мі­не­зінің мық­ты­лығын көрсетті, тағ­дыр­дың те­геурініне лайықты төтеп берді. Қайта сол сынақтан бұ­рын­­­ғы­­дан да шынығып, ширап, кү­­­ше­­йіп, жаңа сын-қатерлерге да­йын тұ­ра­тындай шыңдалып шықты.

Сексеннің сеңгір шыңына көтерілгенше не бір от пен судан өткен адамның, жастайынан ауыл баласының ауыр еңбегімен, кейіннен мың градустық мартенмен шыныққан, бара-бара біресе заман тосқан, біресе қоғам тосқан, біресе адам тосқан сан түрлі сынақтарды көре-көре, қарлы Қаратаудай қаптаған қиындықтарды бірінен кейін бірін жеңе-жеңе осы биікке жеткен адамның мықты рухы Тәуелсіздікті тұғырлы еткен шешуші факторлардың біріне айналды. Мұнан кейінгі жағдайдың бәрі оқырманға жақсы белгілі. Талай жазғанбыз да.

Әйтсе де осындай мерейлі тұста Елбасының еліне еткен еңбегінің бірер қырын қайталай еске салсақ та артық болмайды деп білеміз.

Иә, бағымызға қарай Тәуелсіздік келді. Ел басына елін сүйген ер келді. Тарихта жеке тұлғаның алар орны қомақтылығына көз жетті. Нұрсұлтан Назарбаев елдің етектегі ба­сын төрге шығарып берді. Қоғамды бір формациядан бір формацияға ауыс­тырып берді. Экономиканы жоспардан нарыққа көшіріп берді. Халықтың сана­сын өзгертіп берді. Мемлекеттің сипа­тын жаңартып берді. Елдің рухын көтер­ді. Еңсесін тіктеді. Ең бір қиын жыл­дар­дағы тар жол, тайғақ кешуден аман-есен алып шықты. Тыныштықты, тату­лықты сақтап қалды. Әлемде бұрын болып көрмеген саяси институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Елдің кемшілігі саналып келген көпэтностылықты елдің артықшылығына айналдырды. Ассамблея жайында көп жазған журналист ретінде де, Парламентке Ассамблеядан сайланған депутат ретінде де, Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі ретінде де біз мұны анық айта аламыз. 2018 жылдың соңында Ресей астанасына іссапармен барып, Президент Әкімшілігіндегі лауазымды тұлғалармен сөйлескенде, Мемлекеттік Думадағы әріптестерімізбен пікірлескенде олардың бәрі бір ауыздан Нұрсұлтан Назарбаевтың көп тілді, көп дінді елден бір ділді, бір мақсатты ел жасаған еңбегін ерекше бағалайтынын, біздің Ассамблеяны Назарбаевтың ноу-хауы деп атайтынын өз құлағымызбен естігенбіз. Елбасымыз үшін, еліміз үшін мерейленіп қайтқанбыз.

Қазақта «Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол» деген аталы сөз бар. Назар­баевтың басшылығымен біз алды­мен үй болдық. Одан кейін би түсетін үй болдық. Бізге бағыты орнық­ты мемлекет ретінде, ішкі-сыртқы сая­са­ты салиқалы, әлемге әйгілі ел ретін­де дүниенің түкпір-түкпірінен делегациялар ағыла бастады. Одан кейін біз өзіміз де би болдық. Еуропаның 56 елі­нің басын біріктіретін ұйымға төра­ғалық еттік. Сол ұйымның он бір жыл­дан бері шақырылмай жүрген сам­митін шақырып, өткізіп бердік. Одан кейінгі тағы бір ірі жетістігіміз – Бірік­кен Ұлт­тар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңе­сі­не тұрақты емес мүше болуымыз. Қауіп­сіз­дік Кеңесінде әлемнің ең беделді ұйы­мының ең беделді құрылымына төра­ғалық та еттік.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Назар­ба­ев феномені Батыс пен Шығыс мә­де­ние­­тінің тоғысқан жерінде, жос­пар мен нарықтың түйіскен тұсында, социа­лизм мен капитализмнің ұштасқан жерін­де, Шығыс ойшылдығы мен Батыс прагматизмінің қиылысында пайда болды» деп айтқаны бар. Дәл анықтама. Халқымыздың өз ортасынан шыққан, қазақы тәрбие көрген, туған тілінің тұнығына қанған, жас күнінен көпұлтты ортада өскен, өзін өмір бойы қамшылап, барлық тұрғыдан өскен, барлық сатылардан өткен Назарбаев – әлемдегі сирек саңлақ саясаткерлердің бірі. Назарбаев ел басқарған тұстағы онымен қатарлас тұлғалардың ішінде ешқайсысы да екі мәдениеттің ықпалын бірдей сезінген жоқ, экономиканың бір-бірінен алшақ жатқан екі түрінде, от пен судай саналып келген екі қоғамдық жүйеде бірдей жұмыс істеп көрген жоқ, ешқайсысы да екі қоғамдық жүйеде де қатарынан елдің бірінші басшысы қызметінде болған жоқ, сонан да олардың ешқайсысы да ол көрген қоғамдық катаклизмдерді көрген жоқ.

Тарихта жеке тұлға қандай орын алатынын біз елдің басты байтағының орнын таңдаудан да тани алдық. Астана ауыстыру идеясының жеке-дара авторы да, сол идеяны жүзеге асы­ру­­шы да – Назарбаев. Елбасы елорданы Арқа төріне алып келу арқылы гео­сая­сатта да, экономикада да ерекше мәнді мәселелерді шешіп берді. Ұлт тарихының атымен жаңа парағын ашып берді. Ел иесі, жер киесі түпкілікті анық­т­­алды. Елбасымыз осы шешімімен халқы­ның рухын көтерді. Өзіне сені­мін арттырды. Мықты мемлекет құра ала­ты­нымызға көзімізді жеткізді. Қазаққа ежелден тән рух асқақтығы қайта орал­ды. Даланың кеңдігіне сай ой еркін­ді­гі қайта келді. Астана ауыстыру Қа­зақ­­­станның геосаяси ұстанымдарын орнық­­тыра түсті. Бас қаланы орталыққа жа­қын­дату арқылы елдің қауіпсіздігі күшей­тілді. Қасиетті қазақ жерінің қиыр-қиырын саудаға салғысы келіп баққан сол тұстағы саясаткерсымақтардың кө­мей­і­не біржола құм құйылды. Аса ірі жалпы­ұлттық мақсат ойдағыдай орын­далды. Жаңа дәуір – Тәуелсіздік дәуі­рі біз үшін іс жүзінде жаңа елорда таң­даудан, Астана қаласын салудан бас­тал­ды. Астана салынғанға дейінгі қазақ пен Астана салынғаннан кейінгі қазақтың айырмасы едәуір. Оған дейінгі қазақ кемінде кейінгі үш ғасыр бойында рухы жаншылған, еңсесі езілген қазақ, одан кейін­гі қазақ бойын тіктеген, ойын бүк­пе­ген, қолынан ірі істер келеріне еркін сенген, алдағы асуларға бекінген қазақ. Бұл арқылы Елбасымыз біздің бәрі­міз­дің ойымыздағыны болдырды. Ерке Есіл­дің бойына ел қондырды. Арқа төсін халқы­мызбен толтырды. Қазақ өз жеріне нықтап орнықты. Бір ғана осы еңбегінің өзі Назарбаевтың есімін елдік шежіресінің төріне жаздырта алар еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында «Ана тілі» газетіне берген «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты сұхбатында тәуелсіздік жылдарында сыртқы саясатты нығайту үшін көп жұмыс атқа­рылғанын айта келіп, «Ең бастысы – мемлекеттік шекара­мыздың беріктігі! Қазақ­станның Ресеймен, Қытаймен және Орталық Азия мемлекеттерімен арадағы шек­ара­­сының заңды түрде рәсімделіп, белгіленуінің, шын мәнінде, тарихи да, саяси да мәні зор. Шекара мәселесінде құжатты түрде екіжақты келісімнің болмауы қандай ауыр әрі ауқымды зардаптар мен қайшылықтарға әкелетінін көзіміз көріп отыр. Алыстан да, жақыннан да мысалдар аз емес», деп атап көрсетті. Бұл істі дер кезінде қолға алып, көңілдегідей тындыруда да Тұңғыш Президенттің әлем алдындағы биік беделінің ерекше орны болғаны анық.

Қазақтың дүниеге таны­мал ұлт болуы, мемлекетіміздің алыс та, жақын да, Батыс та, Шығыс та мо­йындайтын, құрметтейтін елге айнал­уы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшы­лы­ғы­мен жүзеге асырылғанын біз де ұмыт­пай­мыз, тарих та ұмытпайды, бұл ірі іске болашақтағы ұрпақтар да өзінің лайықты бағасын береді. Бере де бастады.

Әрине, Назарбаевтың тұсында біздің елде атқарылуға тиісті шаруаның бәрі атқарылды және ойдағыдай асқарылды дей алмайтынымыз анық. Олай деп Елбасының өзі де айтқан емес. Тұңғыш Президент билік басына келгенде елде жұмақ орнатамын, баршаның бағын бірдей жандыртып беремін деп уәде еткен жоқ еді. Ол мүмкін де емес еді. «Саясат – жасауға болатынды жасау өнері» деп те айтылады. Саясатта кереметтер, ғажайыптар жасалмайды. Осы тұрғыдан қарағанда Нұрсұлтан Әбішұлы ел басқарған отыз жылдың ішінде Қазақстанда қолдан келгеннің бәрі дерлік жасалды және мүмкін болғанынша дұрыс жасалды деп айта аламыз. Қолдан келмейтінді жасаған ешкім болған емес тарихта. Назарбаевтың басшылығымен жаңа елдің, тәуелсіз мемлекеттің іргетасы қапысыз қаланды, елдік ғимаратының қабырғалары берік күйде бой көтерді, таңы тыныш ататын, кеші бейбіт бататын, егемендік табалдырығын өзімізбен қатар аттаған елдердің алдына шыққан керегесі кең елге айналдық. Бәрі де салыстыру арқылы танылады деген ойға дес беретін болсақ, мына бір фактінің өзі – халқы 18 миллиондық Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің көлемі айналамыздағы Өзбекстанның, Қырғызстанның, Түрікменстанның, Тәжікстанның, яғни халқының саны 50 миллион адамнан асатын төрт елдің ішкі жалпы өнімін қосқандағы көлемнен артық екендігі көп жайды аңғарта алады. Ал бұл айтуға ғана оңай. Мығым мемлекет құра алғанымызды, еңселі ел болып тұра алғанымызды, біртұтас халық ретінде құралғанымызды көрмеу – көрмес түйені де көрместің кебін кию. Қол жеткенге қанағаттанбаған жақсы, бірақ қолда бардың қасиетін білмеу, бастағы бақты бағаламау жақсы емес. Қиындықтардың объективті де, субъективті де себептері болады. Соңғы жылдарда бүкіл әлемдегі нарықта мұнай мен газдың, басқа да шикізат түрлерінің, түсті металдардың бағасы күрт түсіп кеткендігіне, санкциялар соғысының салдарына, содан туындаған девальвацияға байланысты талай жұрттың әл-ауқат деңгейі төмендеп кеткендігі анық, ал субъективті себептерге келсек, жергілікті биліктің тұрақты жұмыс орындарын көптеп ашуды назардан шығарып алғанына байланысты жұмыссыздар қатарының қалыңдығы да, бүкіл елде 2 миллионға жуық адамның өзін-өзі жұмыспен қамтитыны да, содан барып кедейлік шегіне қарай шегінгендердің көптігі де рас. Өмір болған соң проблемалардың болуы да заңды. Отыз жылдық тарихында Қазақстандай жас елдің барлық түйіндерді түгел тарқатып тастауы мүмкін де емес еді. Пандемия жағдайында әдетте аршындап алға кеткен, жайқалған жағдайға жеткен деп дәріптелетін еңселі елдердің де есі шыққанын көзбен көрдік.

Ел басшылығы алда тұрған мәселелердің көптігін көріп те отыр, оларды шешудің жолдарын біліп те отыр. Оның ең сенімді жолы – еңбек. Еңбек қана қиындықты жеңбек. Еңбекпен ғана жеміс өнбек. Еңбекпен ғана ел өркениетке енбек. «Біз қоғамның еңбеккерлерге деген көзқарасын түпкілікті өзгертуіміз керек. Әрбір еңбек құрметке лайық болуы керек», деді Мемлекет басшысы. Ендігі сөз елдің өзінде. Бәрі де өзіміздің біліміміз бен білігімізге байланысты. Ең бастысы – ел тұтқасы сенімді қолда деп те, ел өзі таңдаған ерді қолдауда деп те сеніммен айта аламыз.

Назарбаевтың биліктің биігінде тұрған шағында мемлекет тізгінін өз бас­та­масымен, өз қолымен өткізуі, ел бас­қарудың эстафетасын өзі баулып өсірген, ұзақ жылдар бойы сан түрлі биік лауа­зымды қызметтерде сыналған, шың­­дал­ған, министрлікті де, Үкіметті де, Сенатты да басқарған, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары деңгейіне дейін жетіп, бүеіл әлемге танылған, әбден сенімді адамға тапсыруы да болашақтағы саясат­кер­лер талай талдайтын терең мәнді қадам болды. Елбасының ерендігіне тағы бір даусыз дәлел осы.

Жоғары қарай