Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 409.19
EUR 461.24
RUB 5.67
CNY 58.26

Мемлекет мұқтаж азаматтардың барлығына көмектеседі

2020 жылдың 24 наурыз 2020 18:15

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мұқтаж азаматтардың барлығына мемлекет көмектеседі. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін біз республикалық коммуникациялар орталығынан брифинг беріп отырмыз. Бұл штаб төтенше жағдай кезіне арналып, Президенттің тікелей тапсырмасымен ашылған болатын. Орталықтың жұмысы үш бағыт бойынша жүргізіледі. Бірінші - жалған ақпараттарды тауып, теріске шығару. Екінші - орталық мемлекеттік органдардың ақпараттық жұмысын үйлестіру, болған жағдайларда бірлесіп, жедел әрекет ету. Үшінші - Coronavirus2020.kz сайтының жұмысын жүргізу»,- деді министр.

Дәурен Абаевтың атап өтуінше, кеше Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы өте ауқымды шаралар туралы баяндады.

«Өздеріңіз естігендей мұқтаж азаматтардың барлығына мемлекет көмектеседі. Ешкім қамқорлықсыз қалмайды. Президент сөзінің басты түйіні осы. Қазір журналистер мен азаматтардан келіп түсіп жатқан сұрақтардың басым көпшілігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларының іске асырылуына қатысты. Осы ретте бүгін Премьер-Министрдің төрағалығымен Үкіметтің отырысы өтті. Барлық министрлер мен әкімдер кеше Президент берген тапсырмаларды орындау бойынша жол карталарын жасайды. Осыған орай баршаңыздан түсіністік танытып, Үкіметтің нақты тетіктерінің жариялануын күтуді сұраймыз», - деді ол.

Министр Президент тапсырмаларының барлық пунктері орындалатындығын баса айтты.

«Мысалы қазірдің өзінде кейбір адамдар табысынан айырылған азаматтарға төлемдерді қалай алуға болады, оған қандай құжаттар керек екенін сұрап жатыр. Қазір бұл тетіктер ұйымдастырылуда. Нәтижесі жақын уақытта белгілі болады. Төлемдер кімге тиесілі болса, сол азаматтардың барлығы алады. Алу тәртібін қосымша хабарлаймыз»,- деді Дәурен Абаев.



Жоғары қарай