Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мемлекет басшысы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевті қабылдады

2020 жылдың 22 қазан 2020 19:43

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есеп берді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Облыс әкімінің айтуынша, экономикадағы өсім 105 пайызды құрады. Өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларында да оң көрсеткіштер байқалады. Өңірге тартылған инвестиция көлемі өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 66 пайызға жетіп, құрылыс қарқыны 65 пайызға артқан.

Өмірзақ Шөкеев Қасым-Жомарт Тоқаевқа агроөнеркәсіп кешеніндегі бірқатар жобаның іске асырылу барысы, соның ішінде, жаңбырлатып суару технологиясын енгізу жөнінде баяндады.

Сонымен қатар облыс әкімі бөгеттің бұзылуынан кейінгі Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдай салдарын жою жөніндегі Президенттің берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы айтты. Облыс әкімінің мәліметі бойынша, Мырзакент ауылында 386 тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл үйлердің жартысы бюджет есебінен, қалғаны демеушілердің қаражатына салынды.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Түркістан облысы басшылығының жұмысына оң баға берді. Президент облыстағы эпидемиологиялық ахуалды бақылауды тапсырды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды науқанның ашық әрі заңды түрде жүргізілуін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.


Жоғары қарай