Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мемлекет басшысы: Тұрғын үй мәселесі азаматтарымыз үшін әлі де өзекті

2021 жылдың 25 ақпан 2021 11:46

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тұрғын үй мәселесі азаматтарымыз үшін әлі де өзекті болып отыр. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықтың тұрмыс сапасын арттырудың басты шарттарының бірі – тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Біз осы маңызды мәселені шешу үшін ауқымды шаралар қабылдап жатырмыз. Қазір азаматтарымыз өзінің зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана бастады. Бұл - бұрын-соңды болмаған теңдессіз қадам. Жаңа бастаманың жүзеге асқанына бір ай ғана уақыт өтті. Соның өзінде мыңдаған азамат көптен күткен баспанасын алды, ипотекасын өтеді немесе несиесін азайтты. Бұл әділетті қоғам қағидатын жүзеге асырудың нақты қадамдарының бірі деп те айтуға болады», - деді Мемлекет басшысы

Осы орайда Президент көпшілікті қуантқан осы шешімді Ұлттық кеңес қолдағанын атап өтті.

«Дегенмен, тұрғын үй мәселесі азаматтарымыз үшін әлі де өзекті болып отыр. Былтыр тұрғын үй құрылысының қарқыны 11,2 пайызға өсті. Бұл - жақсы көрсеткіш. Бірақ өңірлердің ахуалы әркелкі», - деді Қ. Тоқаев.

Еске салсақ, бұған дейін Ұлттық кеңестің бесінші отырысы ақпанда өтетіндігін хабарлаған болатынбыз. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрамында ротация жасалды. Жаңартылған Мәжіліс құрамында Ұлттық кеңестің 9 мүшесі бар. _Өткен жылы 22 қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысы, ал 2019 жылы 6 қыркүйекте алғашқы отырысы болды.
Жоғары қарай