Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан облысының әкімін қабылдады

2021 жылдың 19 тамыз 2021 16:57

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қасым-Жомарт Тоқаев Даниал Ахметовтің аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есебін тыңдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жаса.

Облыс әкімінің айтуынша, физикалық өсім индексі 5 пайызға жетсе, негізгі капиталға салынған инвестиция 5 пайыздан асқан. Ауыл шаруашылығы мен құрылыс салаларында да едәуір өсім байқалады.

Кездесуде экономиканы одан әрі дамыту перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, өндіріс қарқынын екі есе арттыруға мүмкіндік беретін «Ақтоғай» металлургия кешенінің екінші кезегін аяқтау мәселесі сөз болды.

Сонымен қатар Президентке өңірдегі білім беру нысандарын дәстүрлі форматқа көшіруге дайындық жұмыстары туралы ақпарат берілді. Білім беру саласының қызметкерлері түгелдей дерлік вакцина салдырған.

Жалпы, облыста күніне 10 мың адамға вакцина салынады. Негізгі контингентке қыркүйек айының соңына дейін вакцинаның бірінші компоненті, ал қазан айының соңына дейін екінші компоненті салынады. Жалпы 747 мың адамға екпе салу жоспарланған.

Даниал Ахметов Мемлекет басшысын бұқаралық спортты дамыту жөнінде берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы да хабардар етті. Мектептегі спортты дамытуға қосымша 890 миллион теңге бөлінген. Бүгінде мектеп оқушыларының 50 пайыздан астамының спортпен шұғылдануға мүмкіндігі бар. Биыл тағы 15 ірі спорт нысанының құрылысын аяқтау жоспарланған.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік әлеуметтік міндеттемелерді орындау маңызды екенін атап өтіп, өңірдегі көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға үздіксіз көмек көрсетуді тапсырды.


Жоғары қарай