Ауа райы
Астана -11 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 375.87
EUR 406.24
RUB 5.84
CNY 53.45

Мембағдарламаларды жүзеге асыру кезінде 16 жемқорлық қылмыс тіркелді- Ақмола облысы

2020 жылдың 22 қаңтар 2020 22:58

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру кезінде 16 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген.

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаевтың 2019 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша есептік кездесуінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуде Мұрат Төлеубаев сыбайлас жемқорлықтың алдын алу саласында жүзеге асырылған іс-шаралар және департаменттің жедел-тергеу бөлімшелерінің есепті кезеңдегі атқарған жұмыстары туралы айтып берді.

Атап айтқанда, ақпараттық-түсіндіру сипатындағы 3088 іс-шара өткізіліп, оған мемлекеттік қызметкерлер мен жұртшылық қатысты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етуге бағытталған жобалар жұмыс істейді: «Ақмола - адалдық алаңы», «Бизнес пен инвесторларды қорғау», «Саналы ұрпақ» тәрізді жобалар. Тұрақты негізде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізіледі.

Айта кету керек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің барлық бастамалары әділдік, сенім және парасаттылық сияқты құндылықтар призмасы арқылы іске асырылады.

Қылмыстық тәжірибеге келер болсақ, облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 166 қылмыстық құқық бұзушылықты тіркеді, оның ішінде 142 - сі сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша. Қылмыстың негізгі бөлігін ұрлық фактілері құрайды, олардың саны - 82, және парақорлық фактілері, олардың саны - 65. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін 99 адам жауапқа тартылды, жүйелі сыбайлас жемқорлықтың 7 фактісі анықталды, мемлекеттік органдар тарапынан шағын және орта бизнес қызметіне араласудың 20 фактісі анықталды.

Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру аясында 16 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелді. 60-тан астам тұрмыстық сыбайлас жемқорлық фактілері анықталды. Сондай - ақ, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асыру барысы бойынша қабылданған шаралар туралы «Ақмола-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Самира Тайтенова мен өңірлік Арнайы мониторингтік топтың төрағасы Владислав Шуль баяндама жасады.




Есеп беру кездесуін қорытындылай келе, өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның басшысы Департамент қоғаммен тығыз қарым-қатынаста өңірдегі сыбайлас жемқорлықты азайту бойынша барлық қажетті шараларды қолға алатындығын айтты.

«Әркім сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзбеушілікті қалыптастыру бойынша белсенді азаматтық ұстанымды танытуға шақырамын. Тек бірлескен күш - жігермен ғана біз жемқорлықты жалпыға ортақ өркендеуіміздің игілігі үшін жоя аламыз», - деп атап өтті Мұрат Төлеубаев.


Жоғары қарай