Ауа райы
Астана 14 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Мектептердің бастауыш сыныптарында қазақ тіліне басымдық берілгені дұрыс - Қасым-Жомарт Тоқаев

2020 жылдың 25 маусым 2020 10:41

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мектептердің бастауыш сыныптарында қазақ тіліне басымдық берілгені дұрыс. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық «Ана тілі» басылымына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақ тілінің мәртебесін арттыру жолында кинематографияның да алар орны ерекше. Бізге тарихи оқиғаларды дәріптейтін, қазіргі қоғамды да бейнелейтін сапалы дүниелер керек. Қырғыз киногерлері «Құрманжан датқа» деген мәнді, мағыналы, көз қуантып, көңіл толатын фильм түсірді. Соған бар-жоғы 1,5 миллион доллар жұмсаған. Ал біздің кинематографистер бұдан әлдеқайда көп сұрайды. Ал түсірген дүниелерінің сапасы әрдайым көңілден шыға бермейді. Өкінішке қарай, бүгінде біздің киногерлер де ауызбіршілік таныта алмай отыр. Бұл – шығармашылықты тұралататын жағдай. Әрине, ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Мені еліміздегі блогосфераның қазақ тіліне қарай ыңғайланып келе жатқаны қуантады. Дей тұрғанмен, біз әсіреұлтшылдық пен радикализмге бой алдырмауыз қажет. Сондай-ақ қазақ тілін дамытамыз деп орыс тілінің мәртебесін шектемеуіміз керек. Жоғарыда айтқанымдай, тіл мәселесінің астарында үлкен саясат бар. Сондықтан бұл тұрғыда асығыстық пен жалаң ұрандату мемлекеттігімізге кесірін тигізуі мүмкін», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті жалпы алғанда, жоғары оқу орындарында нақты ғылымдарды орыс тілінде оқыта берген жөн екендігін айтады.

«Осы ретте бізге Малайзияның тәжірибесі үлгі бола алады. Бұл ел алғашқыда ағылшын тілінен бас тартып, кейіннен ойлана келе, оны жоғары оқу орындарында және дипломатиялық қарым-қатынастың құралы ретінде қалдырды. Біздің өскелең ұрпақ қазақ тілімен қатар, орыс тілін де еркін меңгеруі керек. Бұл – уақыт талабы. Мектептердің бастауыш сыныптарында қазақ тіліне басымдық берілгені дұрыс. Орыс тілін де оқыту керек. Ал ағылшын тілін 5-6 сыныптардан бастап мектеп бағдарламасына енгізген абзал»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазір демографиялық ахуалдың өзі қазақ тілінің ұпайын түгендеу бағытына қарай дамып келе жатқандығын ерекше атап өтті.

«Яғни біз алға қойған мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мұндай астары қалың, ел тағдырын шешетін іргелі істе асығыстыққа жол бермеу керек. Қайта әрбір әрекетімізді ақылға салып, мойнымыздағы тарихи жауапкершілікті барынша сезіне отырып жұмыс істегеніміз дұрыс. Осындай өркениетті қадамдардың нәтижесінде ғана қазақ тілі ғылым тіліне айналады», - деді ҚР Президенті.


Жоғары қарай